Өскеменде Қала күніне арналған ауқымды мерекелік шараларға 120 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы жиналды. Осынша көп адам шоғырланған кезде құқық қорғау органдары көшелерді, алаңдар мен демалыс орындарын жерден де, әуеден де бақылауға алды.
Мерекенің басты музыкалық оқиғалары қазақстандық әртістердің, кештің хедлайнері Ninety One тобының және ресейлік «Краски» тобының өнер көрсетуі болды. Бағдарлама ауқымды отшашумен аяқталды.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, құтқарушылар мен медициналық бригадалар бірлесіп қамтамасыз етті. Адамдар көп жиналған жерлердегі жағдайды ұшқышсыз ұшу аппараттары да бақылап отырды.
Дрондар мерекелік алаңдарды әуеден үздіксіз қадағалады. Бейнежазба нақты уақыт режимінде беріліп, құқық қорғау органдарына мереке өтіп жатқан аумақтағы ахуалды бақылауға және кез келген өзгеріске жедел әрекет етуге мүмкіндік берді.
Балаларды іздеу бөлек әрі оңай емес міндетке айналды. Қалың мерекелік топтың арасында 50-ден астам кәмелетке толмаған бала адасып, ата-анасынан уақытша көз жазып қалды. Полиция қызметкерлері әр баланы жедел тауып, заңды өкілдеріне табыстады.
Полиция, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, құтқарушылар мен медицина мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында Қала күні ұйымдасқан түрде өтіп, елеулі төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркелген жоқ.

