Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Оған қала, аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Жиында өңірдің 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және екінші жартыжылдықтағы міндеттері туралы сөз етілді.
«Алты айдың ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,9%-ға, оның ішінде жеке инвестициялар 23,7%-ға, құрылыс жұмыстары 22,3%-ға, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі 3,2%-ға өсті. 103,4% өсіммен 150,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы жылы егіс науқаны 611,1 мың га алаңда жүргізіліп, 2025 жылғы деңгеймен салыстырғанда 5,5 мың га ұлғайды. Егіс алқаптары 8 ауданда өскен. Оның ішінде негізгі өсімді Зайсан (+3,1 мың га), Үлкен Нарын (+2,6 мың га) және Тарбағатай (+2,2 мың га) аудандары қамтамасыз етіп отыр», — деді ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлшат Қорғанбекова.
Одан соң отырыс барысында жаңа 2026-2027 оқу жылына дайындық туралы баяндалды. Облыс бойынша 212 балабақша және 168 шағын орталық жұмыс істейді. 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 100%-ды, 2-6 жастағы балаларды қамту 99,3%-ды құрайды. Биыл 350 жаңа орын ашылған. Жыл соңына дейін тағы 470 орын ашу жоспарланып отыр.
«Орта білім беру жүйесінде 347 мемлекеттік және 7 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында оқушылар контингенті 100 мыңнан астам баланы құрайды. 2026-2027 оқу жылында 103 білім беру ұйымына шамамен 5 мың баланы күнделікті тасымалдау ұйымдастырылады. Ол үшін 126 автобус тартылмақ. Өңірдегі барлық мектептер бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Кедергісіз орта қалыптастыруға және инклюзивті білім беруді кадрлық қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Облыстың 482 мемлекеттік білім беру ұйымының 455-інде инклюзивті оқытуға жағдай жасалған», — деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов.
Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде облыс әкімдігі қаулысының жобасында көзделген міндеттер мен тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуы тиістігін жеткізді.
«Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қалалар мен аудандар әкімдерімен бірлесіп өнеркәсіп өндірісінің оң динамикасына қол жеткізу және 2026 жылдың қорытындысы бойынша болжамды көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ жеке инвестицияларды тарту, жаңа жобаларды қалыптастыру жөнінде қосымша шаралар қабылдаңыздар. Барлық құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, сапаны төмендетпей, нысандарды уақтылы пайдалануға беруіміз қажет. Білім басқармасы оқу жылының басталуына дейін балаларды оқулықтармен толық қамтамасыз етуі тиіс», — деді ШҚО әкімі.

