23 тамызда Риддерде мотоцикл мінген екі қыз жол-көлік оқиғасына түсті. Мотоцикл тізгінінде болған 13 жастағы жеткіншек оқиға орнында көз жұмды. Ал оның құрбысы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, 2011 жылы туған қыздың жабық бас-ми жарақаты, жеңіл дәрежедегі ми шайқалуы, бас терісі мен бетінің сырылған жерлері бар. Науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Бала есін біледі, дәрігерлермен сөйлеседі. Алайда көз алдында құрбысының қаза болуы оған ауыр психологиялық соққы болған.
— Пациент әзірге дәрігерлердің бақылауында болады. Оны невропатолог, балалар дәрігері және травматолог қарап шықты. Қажетті тексерулер жүргізіліп, жан-жақты медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қыздың психологиялық жағдайын ескере отырып, онымен психолог та жұмыс істеді, — деп хабарлады Риддер қалалық ауруханасынан.

