Өскеменде пробация қызметінің маманы Асхат Өтепов 55 жастағы көзі көрмейтін ер адамға көмек қолын созды. Анасы қайтыс болғаннан кейін ол бес жылға жуық жалғыз өзі, іс жүзінде тас қараңғыда өмір сүріп келеді. Көру қабілетінен айырылған азамат көптеген тұрмыстық шаруаны өз бетімен атқара алмағандықтан, үйі біртіндеп ауыр жағдайға түскен.
Асхат Өтепов бұл жағдайды қызмет барысында емес, көршісі ретінде білген. Ер адамның қандай жағдайда тұрып жатқанын көрген соң, әріптестеріне хабарласып, көмек сұрады.
Үйге пробация қызметкерлері мен еріктілер келді. Олардың қатарында сотталғандар да болды. Мәселенің қаншалықты күрделі екені табалдырықтан аттаған сәтте-ақ белгілі болған.
– Үйге кіру мүмкін емес еді. Демалу қиын болды. Ішке кірген бойда көзді тұман басып, жас ағады. Өте өткір иіс тұрды, – деді Татьяна.
Еріктінің айтуынша, үйде бес жылға жуық уақыт бойы ешкім жөнді тазалық жүргізбеген. Ал көзі көрмейтін адам үшін күнделікті қарапайым шаруалардың өзі үлкен мәселеге айналады.
Ер адамның өзі негізінен құрғақ тағаммен жүрек жалғайтынын айтты. Азық-түлік пен қажетті заттарды таныстарынан әкеліп беруін сұрайды. Анасы қайтыс болғаннан кейін жалғыз қалған. Қазір оның тұрақты серігі – мысығы мен иті.
Пробация қызметкерлері мен еріктілер үйді ретке келтіруге кірісті. Олар тазалық жұмыстарын жүргізіп, пеш пен мұржаны тазалады, қабырғаларды әктеп, еденді сырлады. Алайда бес жылдық жалғыздықтың салдарын бір күнде жою мүмкін емес. Сондықтан жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Бұл ер адам сотталған емес және пробация қызметінің есебінде тұрмайды. Асхат Өтепов оған қызметтік міндеті бойынша емес, жанында көмекке мұқтаж адамның барын көрген соң қол ұшын созған. ШҚО бойынша ҚАЖД-нің ресми өкілі Салтанат Ожиканова бұл оқиғада өзін ерекше толқытқан жайт та осы екенін айтты.
– Асхаттың бұл жағдайға бейжай қарай алмағаны мені ерекше толқытты. Ер адам пробация қызметінің есебінде тұрмайды, сондықтан қызметкердің оның алдында ешқандай ресми міндеті болған жоқ. Ол жай ғана көмекке мұқтаж адамды көрді, – деді Салтанат Ожиканова.
Ол көру қабілеті бұзылған адам үшін өзгелерге үйреншікті тұрмыстық шаруалардың өзі үлкен сынаққа айналуы мүмкін екенін атап өтті.
– Мен үшін бұл оқиға ең алдымен үй тазалау туралы емес. Бұл – адамгершілік туралы оқиға. Кейде адамға көп нәрсе қажет емес. Оны біреу байқап, тыңдап, жай ғана көмекке келсе жеткілікті, – деп қосты ресми өкіл.
Қазір 55 жастағы ер адам әлеуметтік қызметкердің көмегін рәсімдеп жатыр. Оның айтуынша, маман жақын арада көмек көрсете бастауы тиіс. Үйдегі жұмыстар да жалғасады.

