Шығыс Қазақстанда 19 жас офицер мемлекеттік шекарадағы қызметіне кірісуге дайындалып жатыр. Күршім және Зайсан аудандарына аттанар алдында лейтенанттар облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесті.
Түлектердің басым көпшілігі үшін бұл – офицерлік қызметтегі алғашқы қадам. 17 лейтенант ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясын, тағы екеуі Ресей Федерациясының жоғары әскери оқу орындарын тәмамдаған. Жас офицерлер төрт жыл бойы арнайы дайындықтан өтті. Енді алған білімдерін аудиториялар мен оқу полигондарында емес, тікелей қызмет барысында қолдануға тиіс. Лейтенанттар Күршім және Зайсан аудандарындағы шекара басқармаларында қызметін бастайды.
Кездесу 18 тамызда атап өтілетін ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құрылған күні қарсаңында өтті. Іс-шараға ҚР ҰҚК Шекара қызметі ШҚО бойынша департаментінің бастығы, полковник Бауыржан Садықов, жас офицерлер мен шақырылған қонақтар қатысты.
Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік шекарадағы қызмет тек кәсіби дайындықты ғана емес, зор жеке жауапкершілікті де талап ететінін атап өтті.
– Сіздер оңай емес, бірақ аса маңызды мамандықты таңдадыңыздар. Сіздерге ел қауіпсіздігі, азаматтарымыздың тыныштығы мен мемлекеттік шекара сеніп тапсырылды. Сондықтан сабырлылық, тәртіп, жауапкершілік және антқа адалдық ерекше маңызды. Алған білімдеріңіз бен дайындықтарыңыз міндеттеріңізді абыроймен атқаруға көмектесетініне сенімдімін, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Шығыс Қазақстан облысының екі ірі көршілес мемлекетпен – Ресей және Қытаймен сыртқы шекарасы бар екенін еске салды. Сондықтан шекарашыларды даярлау мен олардың қызметтік міндеттерді орындауына ерекше талап қойылады.
Әкімнің айтуынша, офицерлер шекараның белгілі бір учаскесіне ғана емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен азаматтардың тыныштығына да жауап береді. Ол үшін тәртіп, сабырлылық, жауапкершілік және күрделі жағдайда шешім қабылдай білу қажет.
Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде елді қорғау мен отаншылдықтың маңызын айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымын да еске салды. Сондай-ақ өңір басшысы Бауыржан Момышұлының әскери борыш пен Отанға қызмет ету туралы көзқарастарына тоқталды.
Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстанға жас әрі кәсіби мамандар қажет екенін атап өтті. Өңір басшысы офицерлерді қызмет жолының алғашқы кезеңінде қолдауға дайын екенін жеткізді.
Айта кетерлігі, өңір басшысы Қазақстан мен Ресей Федерациясының шекара академиялары түлектерін бірнеше жылдан бері жеке қабылдап келеді. Жас лейтенанттар кездесуге мүмкіндік бергені үшін облыс әкіміне алғыс айтып, әскери борышын адал әрі абыроймен атқаруға дайын екендерін мәлімдеді.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құрылған күні қарсаңында Нұрымбет Сақтағанов офицерлерді қызметтерінің басталуымен құттықтады. Ол жас шекарашыларға табыс, төзімділік және әрдайым елге абыроймен, лайықты нәтижемен оралуды тіледі. Кездесу соңында жас офицерлерге құттықтау хаттары табысталды.

