Қазақстанда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы қарсаңындағы үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр. Саяси партиялар әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланып, бейнероликтер жариялап, тікелей эфирлер өткізіп жүр. Сонымен қатар халықпен кездесу, кәсіпорындарға бару, баннерлер мен көше плакаттарын орналастыру сияқты дәстүрлі тәсілдерден де бас тартқан жоқ. Үгіт материалдарын Өскеменнен де көруге болады.
Науқан 23 шілде күні сағат 18:01-де басталды. Жеті партия орталық және өңірлік штабтарын ашып, бағдарламаларын таныстырды және кандидаттарын ел өңірлеріне жіберді. Жаңа бір палаталы парламенттегі 145 орынға 545 кандидат үміткер болып отыр.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ел бойынша үгіт материалдарын орналастыруға арналған сегіз мыңнан астам орын және сайлаушылармен кездесуге арналған төрт жарым мыңға жуық алаң дайындалған. Мұндай орындарды аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп жергілікті атқарушы органдар белгілейді. Бұл ретте барлық партияға тең жағдай жасалуға тиіс.
Науқанның елеулі бөлігі интернетте өтіп жатыр. Партиялар бейнероликтер, кандидаттардың үндеулері, өз ұсыныстары туралы қысқаша түсіндірмелер, өңірлерден репортаждар және халықпен өткен кездесулердің жазбаларын жариялайды. Бағдарламалардың толық мәтіні ресми сайттарға орналастырылып, негізгі тезистері әлеуметтік желілердің форматына бейімделеді.
Науқан басталған кезде партиялар түрлі цифрлық тәсілді қолданды. «Әділет» ЖИ-модератордың қатысуымен республикалық штабын ашты, «Ақ жол» өңірлік филиалдарымен телекөпір ұйымдастырды, ал Respublica смарт-көзілдірікті пайдаланып, Instagram-да тікелей эфир өткізді. ЖСДП азаматтардың өтініштерін жинауға арналған «Халық телефоны» және «Болашақ Құрылтайға хат» жобаларын іске қосты.
Өңірлік парақшалар да белсенді жұмыс істеп жатыр. Партиялар солар арқылы алдағы кездесулер туралы хабарлап, фотосуреттер мен бейнежазбалар жариялайды, сондай-ақ азаматтарға кандидаттарға сұрақ қоюды ұсынады.
Соған қарамастан, интернет дәстүрлі үгітті, яғни жұртпен жүзбе-жүз кездесуді алмастырған жоқ. Кандидаттар қалалар мен ауылдарға, кәсіпорындарға, оқу орындарына, ауыл шаруашылықтарына және қоғамдық алаңдарға барады. Кездесулер кезінде бағдарламаларын таныстырып, сұрақтарға жауап береді және тұрғындардың ұсыныстарын жинайды.
Әртүрлі өңірлерде жұмыспен қамту, жолдардың жағдайы, коммуналдық инфрақұрылым, медициналық көмектің қолжетімділігі, білім сапасы, отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту және экологиялық мәселелер негізгі тақырыптардың қатарында аталып жүр.
«Әділет» өкілдері Атырау облысындағы мұнай өңдеу және вагон жасау кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесті. Respublica Семей кәсіпорындарының қызметкерлерімен өнеркәсіп, мамандар даярлау, логистика және бизнес жүргізу жағдайларын талқылады. «Ауыл» аграршылармен және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметкерлерімен, ал «Ақ жол» өнеркәсіптік зауыттардың ұжымдарымен кездесулер өткізді.
Үгіт-насихат шаралары Шығыс Қазақстан облысында да өтіп жатыр. Өскеменде «Байтақ» партиясының өкілдері жастармен, сенімді өкілдермен және Өскемен ГЭС-інің ұжымымен кездесті. Кездесулерде ауаның жай-күйі мен ауызсудың сапасы, коммуналдық инфрақұрылым, қалдықтарды басқару және жасыл экономиканы дамыту мәселелері көтерілді.
ЖСДП өкілдері Глубокое ауданында болды. Жергілікті тұрғындар ауыл жолдары мен коммуналдық желілердің жағдайы туралы айтты. Мұндай кездесулер кандидаттарға дайын тезистерін таныстырумен ғана шектелмей, нақты елді мекен тұрғындарын толғандыратын мәселелерді естуге мүмкіндік береді.
Дәстүрлі көрнекі үгіт-насихат та жоғалған жоқ. ШҚО қалалары мен аудандарының көшелерінде, арнайы стендтерде және қоғамдық көліктерде партиялық баннерлер мен плакаттар пайда болды. Оларда партиялардың атаулары мен нышандары, ұрандары, бағдарламаларының негізгі бағыттары және партия өкілдерінің фотосуреттері орналастырылған. Кейбір материалдарда QR-кодтар бар. Оны сканерлеген адам ресми сайтқа немесе арнайы парақшаға өтіп, бағдарламаның толық мәтінін оқи алады, кандидаттар тізімімен танысып, партияның қызметі туралы біле алады. Осылайша, үйреншікті көше плакаты цифрлық науқанның бір бөлігіне айналды. Плакаттың өзінде бірнеше негізгі тезис берілсе, QR-кодтың ар жағында толық бағдарлама орналастырылған.
Сайлау бюллетенінде жеті саяси партия болады. Жеребе қорытындысы бойынша «Әділет» бірінші, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия екінші, «Байтақ» үшінші болып орналасады. Одан кейін Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол» және Respublica келеді.
Партиялардың бағдарламаларында көптеген ортақ тақырып қамтылғанымен, әрқайсысы өз күн тәртібіне басымдық береді.
«Әділет» жұмыс орындарын ашуға, орта бизнесті дамытуға, тұрғын үй мәселелеріне, ауылдық аумақтарға, цифрландыру мен жасанды интеллектіге назар аударады.
ЖСДП әлеуметтік және экономикалық саясатты өзгертуді, мемлекеттің есептілігін күшейтуді, еңбек құқықтарын қорғауды және өмір сапасын арттыруды ұсынады.
«Байтақ» өз науқанын экологиялық күн тәртібі төңірегінде құрып отыр. Партия ұсыныстарының қатарында ірі ластаушы кәсіпорындарға тәуелсіз аудит жүргізу, тазарту құрылыстарын жаңғырту, су ресурстарын қорғау және қоғамдық экологиялық кеңестер құру бар.
Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік салаға, еңбек адамын қорғауға, білім мен денсаулық сақтаудың қолжетімділігіне басымдық береді. Партия елдің табиғи байлығы азаматтардың әл-ауқатына қызмет етуге тиіс екенін де мәлімдейді.
«Ауыл» бағдарламасының өзегінде өңірлер мен ауылдық аумақтарды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, фермерлерді қолдау, жергілікті өзін-өзі басқару және ауыл инфрақұрылымы тұр.
«Ақ жол» кәсіпкерлікті дамытуды, адал бәсекені, квазимемлекеттік сектордың үлесін қысқартуды, парламентаризмді күшейтуді және жемқорлықпен күресті ұсынады.
Respublica өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға, цифрландыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ден қойды.
Науқанның бірінші аптасының соңына қарай партиялар бағдарламаларын таныстырумен ғана шектелмей, қарсыластарының ұсыныстарын ашық талқылап, сынай бастады. Атап айтқанда, ЖСДП мен ҚХП әлеуметтік және экономикалық салалардағы бастамаларға қатысты өзара пікір алмасты. Ал өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша «Ақ жол» мен Respublica арасында елеулі пікірталас өрбіді.
Үгіт-насихат кезеңінде партияаралық теледебаттар өткізу де жоспарланған. 24KZ, Jibek Joly, Qazaqstan және «7 арна» телеарналары оларға эфир беруге дайын екенін мәлімдеді.
Алдағы сайлаудың басты ерекшелігі – қазақстандықтар жекелеген кандидаттарды емес, саяси партияларды таңдайды. Елдің бүкіл аумағы біртұтас жалпыұлттық сайлау округін құрайды.
Бұл Өскемен, Астана, Алматы және басқа да елді мекендердің тұрғындары бірдей бюллетень алатынын білдіреді. Онда жекелеген кандидаттардың тегі емес, жеті партияның атауы көрсетіледі.
Бұрынғы парламент сайлауларынан айырмашылығы, бұл жолы жекелеген бірмандатты округтер қарастырылмаған. Үгіт плакатында нақты бір саясаткердің суреті ірі етіп орналастырылса да, бюллетеньдегі белгі бүкіл партияны және оның жалпыұлттық тізімін қолдауды білдіреді.
Сондықтан кандидаттардың фотосуреттері партиялық команданы таныстыруға көмектескенімен, сайлаушының таңдауы ресми түрде саяси бірлестікке, оның бағдарламасына және жалпы тізіміне қатысты болады. Партиялар жинаған дауыстар 145 депутаттық мандаттың олардың арасында қалай бөлінетінін анықтайды.
Үгіт-насихат 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және сайлау күні партияларды қолдауға қатысты сауалнамалар, болжамдар мен дауыс беру нәтижелерін жариялауға тыйым салынады. 22 тамыз тыныштық күні болады. Бұл күні кез келген сайлауалды үгіт-насихатқа тыйым салынады.
Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Оған дейін партиялардың өз бағдарламаларын таныстырып, азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, дәл өз кандидаттарының жаңа парламенттен орын алуға лайық екеніне сайлаушыларды сендіру үшін бірнеше аптасы бар.

