Дала кеңесінен Парламентке дейін – «Құрылтай» сөзі нені білдіреді?

Күні кешеге дейін көбіне тарих оқулықтарында кездесетін сөз енді Қазақстанның жаңа саяси жүйесінің бір бөлігіне айналды. Құрылтай ресми түрде елдің жоғары өкілді органы мәртебесін алды. Жаңа Конституцияға сәйкес, бұл – бес жылға сайланатын 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент (Сенат пен Мәжіліс таратылды). Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы биылғы 23 тамызға белгіленді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламентке тарихи атау беруді ұсынды. Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы:

«Ол Құрылтай деп аталуы керек деп санаймын, өйткені бұл ұғымның тарихи мәні мен болмыс-бітімі халқымызға түсінікті әрі жақын», – деді.

Президент бұл атауды маңызды мемлекеттік институттың нышаны ретінде саяси жүйеде сақтау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, терең әрі ауқымды мағынасы бар бұл атау ұлттық санада айрықша орын алады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев реформаның басты мақсаты тиімді әрі кәсіби Парламент құру екенін айтты. Өйткені мәселе депутаттардың санында емес, олардың жұмысының сапасында.

«Құрылтай» сөзінің тарихы қазіргі парламентаризмнен әлдеқайда тереңде жатыр. Ғалымдар оның нақты шығу төркіні жөнінде әлі де пікір таластырады. Бір зерттеушілер бұл сөзді ортағасырлық моңғол тіліндегі quriltai ұғымымен байланыстырса, енді бірі көне түркі тіліндегі құр – жинау, біріктіру, құру деген түбірден таратады. Алайда екі нұсқаның да мағынасы өзара жақын: адамдар ортақ мәселені талқылап, шешім қабылдау үшін бас қосады.

Бұл сөз ортағасырлық «Оғызнама» жырында да кездеседі. Онда Оғыз қағанның «ұлы құрылтай» шақырып, кеңес құру үшін сарбаздары мен халқын жинағаны айтылады. Көне түркі сөздігінде бұл термин «халық жиналысы» деп түсіндіріледі.

Құрылтай Моңғол империясы дәуірінде ерекше саяси мәнге ие болды. Мұндай жиындарда ұлы хандарды сайлап, соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешкен, мемлекеттің алдағы бағытын айқындаған. Дәл 1206 жылғы құрылтайда Темүжін Шыңғыс хан болып жарияланды. Алайда бұл жиындарды толыққанды парламент санау тым батыл тұжырым болар еді. Оларға негізінен билеушілер, қолбасшылар, ақсүйектер мен басқа да ықпалды адамдар қатысты. Құрылтай дала элитасы арасында ортақ келісімге келудің және қабылданған шешімдерге заңды сипат берудің тәсілі болды.

Қазақ тарихында ел тағдыры шешілген ірі жиындар құрылтай деп аталады. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары сыртқы қауіп алдында қазақ руларының басын біріктірді. Мұндай жиындарды шақыруға, әдетте, тарихтағы бетбұрысты кезеңдер себеп болатын.

Абай Құнанбайұлының өзі 1885 жылдың жазында Қарамола жерінде (қазіргі Абай облысының Жарма ауданында) өткен тарихи құрылтайға қатысты. Ол осы жиында бас судья – төбе би міндетін атқарды. Жиында дала заңдарының жаңа жинағы ұсынылды. Онда сол заман үшін озық саналатын, сот жазаларын жеңілдетуге, болыс басшыларының озбырлығын шектеуге және әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған нормалар қамтылды.

1917 жылы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және «Алаш» партиясы бағдарламасының басқа да авторлары «Құрылтай жиналысы» атауын Учредительное собраниенің қазақша баламасы ретінде қолданды. Бағдарламада президент Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік думаның шешімімен сайлануға тиіс екені жазылған. Бірінші жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясы құрылса, Екінші жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы жарияланды. Сондықтан қазіргі Парламенттің атауы хандық дәуірмен ғана емес, қазақ зиялыларының заманауи ұлттық басқару жүйесін құру жолындағы алғашқы талпынысымен де байланысты. Мұны «Алаш» қозғалысына қатысты құжаттар мен зерттеулер растайды.

Бүгінде Құрылтай – хандар кеңесі де, ақсақалдар алқасы да емес, халық сайлайтын заң шығарушы орган. Тарихи атау оған қосымша мән берумен бірге қоғамның үмітін де арттырады. Өйткені атауды өзгерту қиын емес. Ежелгі сөзге оның бастапқы мазмұнын – шынайы талқылауды, жауапкершілікті және бүкіл елдің мүддесіне сай шешімдерді дарыту әлдеқайда күрделі.

Новые статьи

Шығыс Қазақстан Құрылтай сайлауына дайындалып жатыр

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Дауыс беруге сайлау күні 18 жасқа толған және белсенді сайлау құқығына...

Казахстан и Китай открыли международную лабораторию по биологической безопасности

На базе Казахского национального аграрного исследовательского университета (KazNARU) начала работу международная лаборатория имени академика Китайской академии наук Гао Фу. Научный центр создан в рамках меморандума...

Восточный Казахстан готовится к выборам в Курултай

23 августа 2026 года в Казахстане пройдут первые выборы депутатов нового однопалатного Курултая. Принять участие в голосовании сможет каждый гражданин страны, которому ко дню...

КТК возобновил прием и отгрузку казахстанской нефти через терминал в Новороссийске

Каспийский трубопроводный консорциум (КТК) возобновил прием нефти от грузоотправителей и операции по ее отгрузке через морской терминал в порту Новороссийск. В настоящее время погрузка ведется...