Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Өскеменге келіп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынып және жаңғыртылып жатқан бірнеше ірі инфрақұрылымдық нысанды тексерді. Жұмыс сапарының бағдарламасына «Өскемен-1» теміржол вокзалы, «Шығыс Жылу» АҚ-ның № 2 қазандығы, Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы көлік айырығы, сондай-ақ «Нұрлы Жол» шағын ауданы кірді.
Негізгі нысандардың бірі – «Өскемен-1» теміржол вокзалы. Оны қайта жаңғырту Қазақстандағы вокзал инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізіліп жатыр. Қазір ел бойынша 124 теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Жобалар ғимараттарды күрделі жөндеуді, күту залдарын кеңейтуді және қызмет көрсету сапасын жақсартуды көздейді. Тозу деңгейі жоғары болғандықтан, 37 нысан толық бұзылды. Олардың орнына жаңа терминалдар салынып жатыр.
Өскемендегі ескі вокзал ғимараты 1938 жылы салынған. Бір қабатты нысан заманауи талаптарға сай келмейтіндіктен бұзылды. Қазір оның орнына жертөлесі бар жаңа екі қабатты вокзал салынып жатыр.
Кешеннің аумағы екі еседен астам ұлғаяды. Бірінші қабатта күту залы мен жолаушыларға арналған бөлмелер, екінші қабатта әкімшілік-шаруашылық бөлімі орналасады. Ғимаратқа лифт орнатылып, қозғалысы шектеулі азаматтарға жағдай жасалады. Ашылғаннан кейін вокзал тәулігіне 1 000-нан астам жолаушы қабылдай алады.
Жұмыстар 85%-ға орындалды. Құрылысшылар монолитті құрылымдарды аяқтады. Қазір ғимарат ішін әрлеу, қасбетті жабдықтау, жарықтандыру, электр желісі мен перронды салу жұмыстары жалғасып жатыр. Нысанда 70-тен астам адам еңбек етуде.
– Қазір аумақты абаттандыру, сыртқы және қасбеттік жарықтандыру жүйелерін, күзет және өрт дабылын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді құрылыс нысаныныңның басшысы Берік Тұяқбаев.
Мердігер жұмыстарды биылғы тамызда аяқтауы тиіс. Жақында Шығыс Қазақстан облысының Риддер және Шемонаиха қалаларында жаңартылған теміржол стансалары ашылды. Енді облыс орталығындағы жаңа вокзалды тамызда іске қосу жоспарланып отыр.
Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің вокзал инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау белсенді кезеңге өткенін атап өтті. Ол жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Шығыс Жылу» АҚ-ның № 2 қазандығына да барды. Ол Өскеменнің сол жағалауындағы тұтынушыларды жылумен қамтамасыз етеді. Қазандық 1982 жылы пайдалануға берілген. Кәсіпорында төрт бу қазандығы мен бір су жылыту қазандығы жұмыс істейді. Орнатылған жылу қуаты – 142,44 Гкал/сағ, қолда бар қуат – 132,35 Гкал/сағ, қосылған жүктеме – 127,034 Гкал/сағ. Жабдықтардың орташа тозу деңгейі 49%-ға жеткен. Ең жоғары көрсеткіш су жылыту қазандығында тіркелген – 68%.
Негізгі отын ретінде Қаражыра кенішінің Д маркалы көмірі пайдаланылады. Қазандық аумағында әрқайсысы 20 000 тонна көмір сыятын екі қойма бар. Қазандықты жағу үшін дизель отыны қолданылады. Екі резервуардың жалпы көлемі 20 м³ құрайды.
Қазір қазандықты кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол қаланың сол жағалауындағы 281 Гкал/сағ көлеміндегі жылу энергиясы тапшылығын азайтуға мүмкіндік беруі тиіс.
– Бұл жылумен қамту қуатын қосымша 100 Гкал-ға арттырады. Соның арқасында жаңа қуат пайда болып, орталықтандырылған жылу жүйесіне ұзақ жылдар бойы қосылғысы келген тұтынушыларға мүмкіндік туады. Өкінішке қарай, бұған дейін оларға бас тартуға мәжбүр болдық. Енді олар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосыла алады, – деді «Шығыс Жылу» АҚ бас директоры Ренат Уразбаев.
Қазандықты кеңейту сол жағалауда құрылыс қарқынды жүріп жатқанын ескерсек, аса маңызды. Мұнда жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, коммуналдық инфрақұрылымға түсетін жүктеме артып келеді.
Нұрлыбек Нәлібаев жылумен қамту нысандарын күзге дейін толық дайындауды тапсырды.
– Ең бастысы – алдағы жылыту маусымына қажетті барлық жұмысты аяқтап, күзге қарай жылумен қамту нысандарының 100% дайындығын қамтамасыз ету. Сіздердің өңірлеріңізде қыс ерте түседі, қазанның өзінде күн күрт суытуы мүмкін. Сондықтан кестеден кешігуге де, дайындықты созуға да болмайды, – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Жұмыс сапарының тағы бір нысаны Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы көлік айырығы болды. Оның құрылысы 2023 жылғы маусымда басталған. Жоба екі деңгейлі көлік айырығын үш кезеңмен салуды көздейді.
Бірінші деңгейде айналма жол қиылысы қарастырылған. Екінші деңгейде Ертіс арқылы өтетін көпірден КШТ шағын ауданына қарай Сәтбаев даңғылының бойымен жолөтпелер салынып, Есенберлин даңғылына шығатын жол қарастырылған.
Көлік айырығы сол жағалаудың қарқынды дамуына байланысты қажет. Мұнда шамамен 180 мың адам тұрады, ал оң жағалаудағы халық саны 300 мыңға жуық. Тұрғын үй құрылысы жалғасып жатқандықтан, жаңа көпқабатты үйлермен бірге қолданыстағы жолдарға түсетін жүктеме де артып келеді.
Өскемен әкімі Алмат Ақышевтің айтуынша, құрылысшылар қазірдің өзінде 10 миллиард теңгенің жұмысын орындаған. Алдымен айналма жол айырығы салынып, кейін инженерлік коммуникациялар көшіріліп, жаңадан тартылды. Қазір мердігер жерүсті бөлігін салып жатыр.
Жобаның жалпы орындалуы 36,65%-ды құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қаржыландыру тұрақты болса, көлік айырығындағы негізгі жұмыстарды қазанда аяқтау жоспарланған. Жобаны толық іске асыру мерзімі – 2027 жылғы маусым.
Нұрлыбек Нәлібаев «Нұрлы Жол» шағын ауданын да аралап, оның инфрақұрылымымен танысты. Тұрғын ауданның жалпы аумағы 82 гектарды құрайды. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жалпы ауданы 410,7 мың м² болатын 3 911 пәтерлі 41 көпқабатты үй салуды көздейді.
Қазір жалпы ауданы 195,9 мың м² болатын 2 258 пәтерлі 28 үй салынды. Тағы 1 364 пәтерлі 12 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Олардың жалпы ауданы – 166,2 мың м².
Шағын ауданда 599 орындық мектеп, аумағы 4,8 мың м² хоккей модулі және әрқайсысы 230 орындық төрт балабақша қарастырылған. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, Өскеменнің сол жағалауындағы тұрғын үй қоры 823,1 мың м² немесе 130 көпқабатты үйдегі 9 948 пәтерді құрайды.
Сол жағалау «Сол жағалау» тұрғын ауданы мен 26-шы тұрғын ауданнан тұрады. «Сол жағалауда» 2 771 пәтерлі 32 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Қазір тағы 977 пәтерлі жеті үй салынып жатыр.
Мұнда облыстық драма және оперетта театры, оңалту орталығы, Назарбаев Зияткерлік мектебі және 600 орындық мектеп ашылған. Сондай-ақ хоккей модулінің құрылысы аяқталуға жақын. Болашақта 320 орындық балабақша салу жоспарланып отыр.
26-шы тұрғын ауданда кварталішілік жылу, электр және сумен қамту, су бұру желілері тартылып, жолдар мен өткелдер салынып жатыр. Қазір мұнда 632 пәтерлі тоғыз несиелік үй және 1 156 пәтерлі тағы 11 несиелік үй салынуда. Болашақта жеке құрылыс салушылар 3 996 пәтерлі 60 көпқабатты үй тұрғызуды жоспарлап отыр.
Ауданда әрқайсысы 320 орындық екі балабақша, жалпы 545 орындық сегіз кіріктірілген балабақша, әрқайсысы 1 200 орындық екі мектеп, 250 келушіге арналған емхана және өрт сөндіру депосы қарастырылған.
Сапар қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс кестесін сақтап, коммуналдық инфрақұрылымды дайындау жұмыстарын созбауды тапсырды.

