Yessenov University ғалымдары Маңғыстау облысындағы мұнай қабаттарында парафин шөгінділерінің түзілуіне жол бермеу тәсілдерін зерттеп жатыр. Жаңа технология мұнай беру коэффициентін арттырып, ұңғымалардың өнімділігін көбейтуге және мұнай өндіруші кәсіпорындардың шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
«Маңғыстау облысы кен орындарының мұнай қабаттарында парафин шөгінділерінің түзілу процестерін зерттеу» жобасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым қоғам игілігі үшін» айдары аясында жүзеге асырылып жатыр.
Зерттеуге «Геология және мұнай-химиялық инжиниринг» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Рысколь Баямирова жетекшілік етеді. Ғалымдардың негізгі міндеті – асфальт-шайыр-парафин шөгінділерінің, яғни АШПШ-ның түзілу процестерін зерттеп, олардың пайда болуына жол бермейтін немесе бұрыннан қалыптасқан шөгінділерді жоятын технологиялар әзірлеу.
Маңғыстау облысындағы кен орындарының басым бөлігі игерудің соңғы сатысында тұр. Қабат қысымын ұстап тұру үшін оларға ұзақ жылдар бойы салқын теңіз суы айдалып келеді. Бұл мұнай қабатының температурасын төмендетіп, парафин шөгінділерінің түзілуін жылдамдатады. Соның салдарынан қабаттардың сүзгілік қасиеттері нашарлап, ұңғымалардың өнімділігі төмендейді, ал мұнай өндіру күрделеніп, қымбатқа түседі.
Мәселені шешу үшін ғалымдар қабат мұнайының қасиеттерін зерттеп, температура өзгерісінің шөгінділердің түзілуіне әсерін бағалайды және керн материалдарында сүзгілік тәжірибелер жүргізеді. Сонымен қатар мамандар АШПШ түзілуіне жол бермейтін химиялық реагенттерді іріктеп жатыр.
Бірінші кезеңде мамандар Өзен кен орны мұнайына зертханалық зерттеу жүргізді. Олар парафиндердің кристалдану және балқу температураларын анықтап, қабат жағдайында шөгінділердің түзілу механизмдері туралы жаңа деректер алды. Бұл нәтижелер қабаттардың мұнай беру коэффициентін арттыратын технологияларды әзірлеуге ғылыми негіз болады.
Технологиялық шешімдер заманауи зерттеу жабдықтары орнатылған зертханада сыналып жатыр. Ғалымдар керн үлгілерінде де сүзгілік тәжірибелер жүргізеді. Жоба аяқталғаннан кейін зерттеушілер Маңғыстау облысындағы мұнай кен орындарында тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар өткізуге арналған ғылыми негізделген ұсынымдар дайындайды.
Ұсынылған шешімдер парафин шөгінділерінің түзілуін азайтып, өнімді қабаттардың өткізгіштігін жақсартуға және мұнай беру коэффициентін арттыруға тиіс. Бұдан бөлек, технология игерудің соңғы сатысындағы кен орындарында мұнай өндіруге жұмсалатын пайдалану шығындарын төмендетуі мүмкін.
Жобаға Yessenov University жас ғалымдары мен докторанттары қатысып жатыр. Зерттеу нәтижелері бойынша авторлар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда екі мақала жариялады. Тағы бір мақала халықаралық Scopus деректер базасында индекстелетін ғылыми журналда жарық көрді.
Жоба авторлары зерттеу нәтижелері мұнай-газ саласының тиімділігін арттыруға, отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге және Қазақстанның мұнай-газ технологиялары саласындағы ғылыми әлеуетін нығайтуға көмектеседі деп есептейді.

