22–24 шілде аралығында Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының XXXV чемпионаты өтеді. Елдегі басты жарыстың қорытындысы бойынша Азия ойындарына қатысатын ұлттық құраманың сапы жасақталады.
Негізгі бәсекелер Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында өтеді. Ал лақтыру сайыстарына қатысатын спортшылар Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінің арнайы секторында өнер көрсетеді.
Чемпионатқа еліміздің 17 өңірінен 265-тен астам спортшы өтінім берді. Үш қарғып секіру сайысында Әзербайжан өкілі Екатерина Сариева жарыстан тыс өнер көрсетеді.
Үш жарыс күні ішінде ерлер мен әйелдер 48 жекелей дисциплина бойынша жүлделерді сарапқа салады. Сондай-ақ бағдарламаға 4×100 м және 4×400 м аралас эстафеталар енгізілді.
Жарысқа Қазақстан ұлттық құрамасының жетекші спортшылары Каролин Чепкоеч Кипкируи, Дэйзи Джепкемей, Кристина Овчинникова, Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева, Анастасия Рыпакова, Мария Ефремова, Аделина Земс, Андрей Соколов, Эльнур Мухитдинов, Иван Иванов, Иван Товченник, Виктория Ан, Виталий Земс, Вячеслав Земс және басқалар қатысады.
Чемпионат спортшылар үшін жүлде жолындағы тартыс қана емес. Жарыс нәтижелері бойынша Қазақстан атынан Азия ойындарына қатысатын спортшылар анықталады.
Чемпионаттың ресми ашылу салтанаты 22 шілде күні сағат 16:30-да өтеді.

