«Жол жүрісі туралы» заңда алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік жүргізгені үшін жауапкершілік күшейтілді. Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған жағдайда да жүргізуші көлік құралдарын басқару құқығынан 8 жылға айырылады. Ал жүргізуші куәлігі жоқ азамат оны 8 жыл бойы ала алмайды. Бұл өзгерістер биыл 25 тамыздан бастап күшіне енеді, деп хабарлады ҚР ІІМ.
Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберілуі мүмкін. Мәселен, мұндай шара жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызғаны, жылдамдықты жүйелі түрде асырғаны, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу ережелерін өрескел бұзғаны, қозғалысқа кедергі келтірген немесе қауіп төндірген тоқтау және тұрақ ережелерін бұзғаны үшін қолданылуы мүмкін.
– Бұл шара барлық жүргізушіге емес, заңнамада тікелей көзделген жағдайларда ғана қолданылады. Егер жүргізуші тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде дәлелді себепсіз теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады, – деп мәлімдеді ІІМ.

