Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі жыл басынан бері 102%-ды құрады. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш 101,8% болды. Мұндай деректерді өңірдің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы келтірді.
Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың осы кезеңінде баға индексі ШҚО-да 107,3%, Қазақстан бойынша 107,7% болған. Биылғы баға өсімі былтырғыдан әлдеқайда баяу. Дегенмен жекелеген азық-түлік түрлерінің бағасы әр бағытта өзгерген.
Не арзандады?
жұмыртқа – 0,7%-ға немесе 4 теңгеге;
қияр – 1,6%-ға немесе 14 теңгеге;
сәбіз – 2,5%-ға немесе 8 теңгеге.
Не қымбаттады?
қырыққабат – 4,4%-ға немесе 9 теңгеге;
пияз – 0,5%-ға немесе 1 теңгеге;
құмшекер – 0,8%-ға немесе 4 теңгеге.
ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қант бағасының өсуін консервілеу маусымындағы сұраныстың артуымен байланыстырады. Ал кейбір көкөністердің қымбаттауына оңтүстік өңірлерден ерте пісетін өнімдердің аз жеткізілуі себеп болған.
Бағаны тұрақтандыру жұмыстарымен қалалар мен аудандардың әкімдіктері, Сауда департаменті және «Ертіс» ӘКК айналысып жатыр. Билік нарықты қаржылай қолдау, жедел реттеу шаралары, логистиканы дамыту және жергілікті өндірушілерге қолдау көрсету тетіктерін қолдануда.

