Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде қауіпті сәтте абдырап қалмай, қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектескен азаматтар марапатталды. Батылдық, жанашырлық және азаматтық жауапкершілік танытқан үш адам департамент бастығының Алғыс хатын алды.
14 шілдеде Өскемендегі Кенсіз материалдар комбинатының қазаншұңқырлары маңында ер адам суға бата бастаған. Құтқарушылар келгенше оған Новосібір мемлекеттік сәулет-құрылыс университетінің студенті Никита Волосенков пен «Остров» кафесінің әкімшісі Людмила Цердцвазде көмекке келді.
Олар ер адамды судан шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Әр минут маңызды болған сәтте екеуі де мәселені басқа біреу шешер деп күтіп тұрмады. Сирек кездесетін, бірақ аса қажет адами қасиет.
Тағы бір Алғыс хат Марқакөл ауылының 5-сынып оқушысы Әділжан Ағибаевқа табысталды. Оқушы ашық аумақта қоқыс өртеніп жатқанын байқап, бұл туралы бірден жедел қызметтерге хабарлаған. Оның дер кезінде қоңырау шалуының арқасында өрт әрі қарай таралып үлгермеді.
ШҚО ТЖД өкілдері өзгенің басына түскен қиындыққа бейжай қарамайтын барша азаматқа алғыс білдірді. Ведомство мұндай әрекеттер қалалар мен ауылдарды қауіпсіз ете түсетінін атап өтті. Сондай-ақ олар қарапайым бір нәрсені еске салады: кейде адам өмірін құтқару үшін арнайы форма, лауазым немесе ерекше өкілеттік қажет емес. Қауіпті дер кезінде байқап, жанынан өтіп кетпеу жеткілікті.

