Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жағажайлар мен халық көп демалатын орындардың жағдайына көңілі толмайтынын білдірді. Өңір басшысының негізгі сыны аумақтардағы қоқыс пен санитарлық жағдайдың тиісті деңгейде бақыланбауына қатысты болды.
Жазғы маусым қызған шақта жағажайлар өңірдегі ең көп адам баратын орындардың біріне айналады. Алайда демалушыларға таза жағалау барлық жерде бірдей бұйыра бермейді. Кейбір аумақтарда қоқыс жиналып қалған, контейнерлер жетіспейді, шөп шабу және абаттандыру нысандарын күтіп ұстау қажет.
Нұрымбет Сақтағанов қалалар мен аудандардың әкімдеріне жағажайларға күн сайын мониторинг жүргізуді тапсырды. Жергілікті билік анықталған барлық кемшілікті үш күн ішінде жоюға тиіс. Аумақтардың жағдайына әкім орынбасарлары мен тиісті қызметтер дербес жауап береді.
– Қалалар мен аудандардың әкімдері жағажайлар мен халық көп демалатын орындарда анықталған барлық заңбұзушылық бойынша санитарлық жағдайға күн сайын мониторинг жүргізуді ұйымдастырсын. Бұл жұмысқа әкім орынбасарлары мен тиісті қызметтер дербес жауап береді. Қоқыстың уақытылы шығарылуын, шөптің шабылуын, бүлінген абаттандыру нысандарының қалпына келтірілуін, контейнерлер мен санитарлық аймақтардың жеткілікті болуын қамтамасыз ету қажет. Жұмысқа формалды қарауға болмайды, әрбір аумақ тұрақты бақылауда болуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Осылайша, жергілікті билікке жиналып қалған қоқысты шығарып қана қоймай, тұрақты жұмысты жолға қою қажет. Нақты кемшіліктерді жоюға үш күн берілді. Жағажайды есеп үшін бір рет тазалап, тұрғындардың кезекті шағымынан кейін ғана қайта еске алуға болмайды. Жазда қоқыс күн сайын жиналады, демек бақылау да дәл сондай тұрақты жүргізілуі тиіс.
Облыс әкімі аппаратына бір аптадан кейін жағажайлар мен халық көп демалатын орындарды қайта тексеру тапсырылды. Егер жағдай өзгермесе, жауапты лауазымды тұлғалар қоқыс үшін ғана емес, өздерінің әрекетсіздігі үшін де жауап береді.
– Әкім аппараты бір аптадан кейін қайта мониторинг жүргізсін. Егер жағдай өзгермесе, өз аумағында қарапайым тәртіпті қамтамасыз ете алмайтын лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Енді аудандық және қалалық биліктің қоқысты шығарып, шөпті шауып, бүлінген абаттандыру нысандарын қалпына келтіріп, жеткілікті мөлшерде контейнер орнатып, санитарлық аймақтарды ретке келтіруге үш күні бар. Бір аптадан кейін нәтиже қайта тексеріледі. Тапсырманы аса күрделі деуге келмейді: шенеуніктерден жағажайларда қарапайым тазалықты қамтамасыз ету ғана талап етіліп отыр.

