Мемлекет басшысының кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау, жоғары оқу орындары мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайту және қолданбалы ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Премьер-министр Олжас Бектенов цифрландыру, озық технологиялар енгізу және көлікті электрлендіру мәселелерін ескере отырып, машина жасаудағы кәсіптік стандарттарды бір ай мерзімде өзектендіруді тапсырды.
— Саланың орнықты әрі серпінді дамуына тікелей әсер ететін ең басты мәселе – кадрлық әлеуетті нығайту. Соңғы бес жылда жоғары оқу орындары «Машина жасау» бағыты бойынша 1700-ге жуық маман даярласа, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 32 мыңнан астам түлек тәмамдады. Сонымен қатар цифрландыру, озық инновациялық технологиялар мен автокөлікті электрлендіру мамандардың кәсіби құзыреттеріне қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертіп жатыр. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігіне салалық кәсіпорындармен бірлесіп, бір ай ішінде машина жасау саласындағы кәсіптік стандарттарды заманауи талаптарға сәйкестендіре отырып, жаңартуды тапсырамын. Сондай-ақ озық халықаралық тәжірибеге сәйкес автоөнеркәсіп кластерлері базасында ғылым мен өндірістің ықпалдастығын қамтамасыз ету қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ғылым және жоғары білім, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне салалық кәсіпорындармен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп, бір ай ішінде ғылыми-зерттеу зертханаларын құруға қатысты нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

