Жуырда Мемлекет басшысының Қытайға жасаған сапары барысында Қазақстанда аккумулятор бөлшектерін өндіру бойынша жоғары технологиялық жобаны жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Премьер-министр Олжас Бектенов барлық уәкілетті мемлекеттік органдарға жобаны жүзеге асыруды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
— Елімізде электромобильдерге арналған аккумуляторлар өндірісінің жаһандық тізбегіне ықпалдасу үшін қажетті шикізат қоры бар. Аккумулятор өндірісінде аса маңызды – сфералы графит шығаратын ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жобаның уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ жуырда Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында аккумулятор өндірісінде әлемдік көшбасшы саналатын CATL (Contemporary Amperex Technology Company Limited) компаниясының басшылығымен кездесті. Компания еліміздің аумағында жоғары технологиялық өндірісті жүзеге асыру ниетін растады. Барлық уәкілетті органдар аталған жобаны жүзеге асыру барысын ерекше бақылауда ұстауы қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

