Шығыс Қазақстан облысының аумағында жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және Жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзылуларының жолын кесуге бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды.
ЖПІШ барысында патрульдік экипаждар өңір жолдарының апатты қауіпті учаскелеріне және аса қауіпті құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударды. Іс-шараны өткізу кезеңінде тәртіп сақшылары барлығы 2577 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Рульге масаң күйде отыратын азаматтар әлі де үлкен қауіп төндіріп отыр. Рейд кезеңінде патруль қызметкерлері алкогольдік масаң күйдегі 39 жүргізушіні ұстады. Олардың барлығы көлік құралын басқарудан шеттетілді. Сонымен қатар, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетудің 29 қауіпті фактісі тіркелді. Сондай-ақ 57 адам жүргізуші куәлігі жоқ немесе бұрын бұл құқығынан айырылған бола тұра көлік тізгініне отырған.
Тексерістер қауіпсіздік ережелерін елемеу деректерінің әлі де жиі кездесетінін көрсетті. Инспекторлар қауіпсіздік белдіктерін тақпаудың 1072 фактісінің және жүргізушілердің көлік қозғалысы кезінде ұялы телефонды пайдаланған 697 жағдайдың жолын кесті.
Техникалық ақауы бар немесе заңсыз көлік құралдарын басқарған тәртіп бұзушыларға қатысты қатаң шаралар қолданылды. Түрлі өрескел бұзушылықтар үшін арнайы тұраққа 144 техника қойылып, 104 мемлекеттік тіркеу нөмірі тәркіленді.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды қағидаларды қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік — әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз!

