Самар ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар жалғасуда. Туристік маусымның қызған шағында мұнда тазалықты сақтау және демалушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бүгінде тұрғындар мен аудан қонақтарының ыңғайлығы үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 120 жаңа контейнер орнатылды. Олар қоғамдық орындарға, көпқабатты тұрғын үйлердің маңына, сондай-ақ Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы туристік аймаққа орналастырылды. Алдағы уақытта қосымша контейнерлер сатып алу жоспарланып отыр.
Жаңа жүйенің тиімділігін алғашқылардың бірі болып аудандық коммуналдық кәсіпорынмен қоқыс шығару жөнінде келісімшарт жасаған демалыс базаларының иелері бағалады.
– Базамыздың аумағына контейнерлер орнатылғаннан кейін әлдеқайда ыңғайлы болды. Осындай қызмет көрсеткені үшін аудан әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Бұрын қоқысты өзіміз таситынбыз, ол қосымша уақыт пен арнайы техниканы қажет ететін. Қазір айына 11 мың теңге төлейміз, ал қоқыс таситын көлік айына сегіз рет келіп, барлық қалдықтарды алып кетеді. Бұл өте қолайлый, – дейді туристік демалыс базасының иесі Ратху Мұхаметжанов.
Миролюбов ауылдық округінде бүгінде автомобиль жолының бойына бес контейнер, ауылдың өзіне тағы бес контейнер орнатылған. Алайда туристер санының артуына байланысты олардың саны жеткіліксіз болып шықты.
– Биыл демалушылар санының айтарлықтай артқанын көріп отырмыз. Сондықтан жол бойына тағы бес контейнер орнату туралы шешім қабылдадық. Бар болғаны үш күннің ішінде туристер шамамен 20 центнер қоқыс қалдырды. Демалыс орындарымызға қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады. Дегенмен аудан қонақтары мен жергілікті тұрғындарды табиғатты аялауға, жағалау тазалығын сақтауға және қоқысты тек арнайы белгіленген орындарға тастауға шақырамыз, – деді Миролюбов ауылдық округінің әкімі Қанат Меткенев.
Қалдықтарды уақытылы шығару мақсатында өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қолдауымен Самар ауданы заманауи мамандандырылған қоқыс таситын көлік сатып алды. Туристік маусым кезінде бұл техника Бұқтырма су қоймасының жағалауына аптасына екі рет қызмет көрсетіп, жиналған қалдықтарды тұрақты түрде тасымалдайды. Барлық жиналған қоқыс арнайы белгіленген орынға жеткізіледі.
Қазіргі уақытта ауданда қосымша контейнерлер сатып алу және қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон салу мәселесі де қарастырылуда. Бұл қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері Самар ауданында шамамен 250 тонна қоқыс жиналып, шығарылды. Ауданды абаттандыру және тазалықты сақтау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

