Өскеменде «Шежіреден болашаққа» республикалық деректі кино апталығы басталды. Жоба көрермендерді адамдар, тарихи оқиғалар және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы маңызды кезеңдер туралы баяндайтын авторлық фильмдермен таныстырады.
Кинолекторий Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Бір апта бойы облыс орталығының тұрғындарына елдің қазіргі тарихындағы маңызды кезеңдерді қамтитын Телерадиокешеннің төл деректі фильмдері көрсетіледі. Өскемен республикалық жобаны қабылдаған оныншы қала болды.
Салтанатты ашылуға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты. Алғашқы күні көрермендерге «Құлалы аралындағы адам» және «Қуатты серіктес» деректі фильмдері ұсынылды.
Іс-шараға қатысушыларды қарсы алған Ербол Нұрғалиев Президент Телерадиокешені үш онжылдық бойы тәуелсіз Қазақстанның бірегей шежіресін қалыптастырып, ел тарихындағы ең маңызды оқиғаларды келешек ұрпақ үшін сақтап келе жатқанын атап өтті.
– Бүгінде Қазақстан ауқымды реформаларды жүзеге асыруға, әділдік, ашықтық және заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға байланысты маңызды даму кезеңінен өтіп жатыр. Осындай жағдайда тарихи жадыны, рухани бағдарлар мен ұлттық құндылықтарды сақтауға ықпал ететін жобалардың маңызы арта түседі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
ҚР Президенті Телерадиокешені Деректі кино орталығының аға редакторы Эльмира Ишмұхаметованың айтуынша, кинолекторийдің басты мақсаты – отандық деректі киноны насихаттау және қалың көрерменді Қазақстанның қазіргі тарихындағы маңызды оқиғалармен таныстыру.
Көрермендер алдымен Каспий теңізіндегі Құлалы аралында орналасқан гидрометеорологиялық станцияның басшысы Петр Лупенков туралы баяндайтын «Құлалы аралындағы адам» фильмін тамашалады. Ол отыз жылдан астам уақыт бойы ауа райын тәулік бойы бақылап, әр үш сағат сайын құрлыққа метеорологиялық деректерді жіберіп отырады. Бұл мәліметтер теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Туынды өркениеттен жырақта жүріп, қоршаған ортамен үйлесім таба білген адамның өмірін көрсетеді. Теңіз, құстар мен жабайы жануарлар оның күнделікті тіршілігінің бір бөлігіне айналған.
Фильмді көргеннен кейін Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының славян қауымдастығының мүшесі Любовь Семенкова өз әсерімен бөлісті.
– Фильм маған ерекше әсер қалдырды. Ол өз ісіне шын берілген, күн сайын маңызды жұмыс атқарса да, көпшіліктің назарынан тыс қалып жүрген адамдарды еске салады. Мұндай оқиғалар жігерлендіріп, шынайы өмірлік құндылықтар туралы ойлануға жетелейді, – деді ол.
Екінші туынды – «Қуатты серіктес» фильмі Қазақстан Президентінің Жапонияға мемлекеттік сапарына арналған. Фильм авторлары екі мемлекеттің саяси және экономикалық ынтымақтастығымен қатар, екіжақты қатынастардың берік негізіне айналған гуманитарлық байланыстарды да көрсетеді.
Фильмде ядролық қарусыздану тақырыбына ерекше назар аударылған. Қазақстан мен Жапония өздерінің тарихи тәжірибесіне, яғни Хиросима мен Нагасаки қасіретіне және Семей ядролық полигонындағы сынақтардың зардаптарына сүйене отырып, халықаралық қауіпсіздікті нығайту мен ядролық қарусыз әлем құруды дәйекті түрде қолдап келеді.
Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Эльдар Төлеубеков фильм екі елдің серіктестігіне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беретінін айтты.
– Туынды Қазақстан мен Жапонияның ынтымақтастығы ресми кездесулер аясынан әлдеқайда кең екенін көрсетеді. Экономика, инвестиция, энергетика, көлік, логистика және гуманитарлық байланыс салаларындағы екіжақты келісімдер мемлекеттер арасындағы сенімнің жоғары деңгейі мен қарым-қатынастың стратегиялық сипатын айғақтайды, – деді ол.
Өскемендегі көрсетілімдер кинолекторийдің екінші күні де жалғасады. Көрермендерге 2024 жылғы ауқымды су тасқынының салдарын еңсеруге арналған «Серт» және Қазақстанның бірегей алма сұрыптарын қайта жаңғырту туралы баяндайтын «Орман» фильмдері ұсынылады.
Көрсетілетін туындылардың барлығы нақты оқиғаларға негізделген және Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің Деректі кино орталығында түсірілген.
«Шежіреден болашаққа» республикалық кинолекториясы Астанада «Арал» фильмінің премьералық көрсетілімінен басталды. Кейін жоба Түркістан, Шымкент, Атырау, Ақтау және еліміздің басқа қалаларында өтті. Енді жоба эстафетасын Өскемен қабылдады.

