Астана мен Шанхай арасында тікелей әуе қатынасын ашу жоспарланып отыр. Рейстер биыл күзде іске қосылуы мүмкін. Алғашқы кезеңде ұшақтар аптасына үш рет қатынайды, кейін рейстер санын күнделікті деңгейге дейін арттыру көзделген.
Жаңа бағыттың келешегі қазақстандық делегацияның Қытайға жұмыс сапары барысында талқыланды. ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева China Eastern Airlines әуе компаниясының маркетинг және сату жөніндегі аға вице-президенті Джин Ченчумен кездесті.
Әуе компаниясының өкілдері Астана – Шанхай бағытына коммерциялық қызығушылық жоғары екенін растады. Тасымалдаушы қажетті дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін рейстерді іске қосуға дайын.
Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы бағыттар желісін одан әрі кеңейту мәселесін де талқылады. China Eastern Airlines басшылығы Қазақстанға орындалатын рейстер санын көбейтуге және қазақстандық әуе тасымалдаушыларымен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.
Жаңа бағыт екі ел арасындағы туристік, іскерлік және инвестициялық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тікелей рейстер Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейтіп, елдің саяси орталығы мен Қытайдың ірі іскерлік орталықтарының бірі арасындағы сапарларды жеңілдетеді.
China Eastern Airlines Қытайдағы ең ірі үш мемлекеттік әуе компаниясының қатарына кіреді және елдің әуе тасымалдаушылары арасында екінші орында тұр. Шанхайда орналасқан компания 834 әуе кемесін пайдаланады.
2025 жылы әуе компаниясы 150 млн жолаушы тасымалдады. China Eastern Airlines Шанхайдағы екі әуежайдан күн сайын шамамен 550 рейс орындайды.

