Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Ернат Кенесбек кадеттер арасында дзюдодан өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Жарыс 16–17 шілде күндері Иордания астанасы Амман қаласында өтті.
Ернат 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесті. Шығысқазақстандық спортшы барлық қарсыласын сенімді жеңіп, Азия чемпионы атанды. Оны халықаралық додаға бапкер Жандос Сайлаубеков дайындады.
Бұл Ернат Кенесбектің алғашқы ірі жүлдесі емес. Бұған дейін ол Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдесін иеленіп, Грузияда өткен Еуропа кубогында да екінші орын алған. Аммандағы жеңіс оның табысты өнер көрсету сериясын жалғастырды.
Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы Ернат Кенесбек пен Жандос Сайлаубековті жеңісімен құттықтап, әлемдік аренада жаңа жетістіктерге жетіп, Олимпиада шыңдарын бағындыруды тіледі.

