Қазақстан ерлер құрамасы отырып ойнау волейболынан әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде қазақстандық спортшылар Бразилия құрамасын 3:2 есебімен жеңді.
Әлем чемпионаты 10–17 шілде аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтті. Жүлделер үшін 16 ұлттық құрама сынға түсті.
Топтық кезеңде Қазақстан C тобында Бразилия, Хорватия және Ирак құрамаларымен бірге өнер көрсетті. Қазақстандық волейболшылар екінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
1/8 финалда ұлттық құрама Польша командасын 3:0 есебімен сенімді жеңді. Ширек финалда қазақстандықтар Руанда құрамасынан да дәл осындай есеппен басым түсті.
Қазақстан құрамасы алғашқы жеңілісіне жартылай финалда ұшырады. Қазақстандық спортшылар қазіргі әлем чемпиондары Иран құрамасына 0:3 есебімен есе жіберіп, қола жүлде үшін таласуға мүмкіндік алды.
Бразилияға қарсы матч плей-офф кезеңіндегі алдыңғы кездесулерге қарағанда әлдеқайда тартысты өтті. Жеңімпазды анықтау үшін командаларға бес сет ойнауға тура келді. Қазақстан 3:2 есебімен жеңіске жетіп, өз тарихында алғаш рет отырып ойнау волейболынан әлем чемпионатының жүлдесін иеленді. Бұған дейін Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінің жеңіс тұғырына көтерілмеген еді.

