Рахман қайнарына апарар жолда ауқымды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда жолшылар жаңа жол салумен қатар кейбір демалушылардың балағатына, қоқан-лоқысына, тіпті күш қолдануына да тап болуда. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ хабарлады.
Жөндеу жұмыстары Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары автожолында жүріп жатыр. Жолшылар тар таулы учаскеге асфальт-бетон жабынын төсеп жатқандықтан, мұнда сағат 06:00-ден 18:00-ге дейін көлік қозғалысы уақытша шектелген.
Туристер күні бойы күтіп қалмауы үшін жол қызметтері қосымша «терезе» ұйымдастырды. Күн сайын сағат 12:00-ден 13:00-ге дейін көліктер жөнделіп жатқан учаске арқылы өткізіледі.
Алайда компанияның мәлімдемесіне қарағанда, кейбір демалушыларға бір сағаттық «терезе» де аздық еткен. Соңғы күндері жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерде жанжал жиілеген. Кейбір жүргізушілер қызметкерлерді балағаттап, қорқытып, арнайы техниканың қозғалысына кедергі келтіреді және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген адамдарға күш қолданады.
«ҚазАвтоЖол» мұндай әрекеттер жұмысшыларға қауіп төндіріп қана қоймай, жөндеу мерзімін де ұзартып жатқанын атап өтті. Техниканың әрбір тоқтауы және кезекті жол жанжалын шешуге кеткен уақыт жұмыстың аяқталу мерзіміне әсер етеді. Демек, туристер жолшыларға неғұрлым көп кедергі келтірсе, өздері де шектеу белгісінің алдында соғұрлым ұзақ тұрады.
Компания Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары мен қонақтарын уақытша қозғалыс тәртібін сақтауға және нысандағы қызметкерлердің талаптарын орындауға шақырды. Жолшылар Қазақстандағы ең танымал туристік орындардың біріне апарар жолды қауіпсіз, жылдам әрі жайлы ету үшін күрделі жағдайда еңбек етіп жатыр.
«ҚазАвтоЖол» күш қолдану, қоқан-лоқы көрсету, балағаттау және қызметкерлердің заңды жұмысына кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын да еске салды.
– Бүгін бәріміз уақытша қолайсыздыққа төземіз. Есесіне ертең Қазақстанның ең көрікті жерлерінің біріне апаратын заманауи, қауіпсіз әрі сапалы жолға ие боламыз, – деп атап өтті компания өкілдері.


