Қазақстанда музыканттарға, мүгедектігі бар жолаушыларға және жануар иелеріне әуе сапары жеңілдетіледі

Қазақстанның Көлік министрлігі жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына түзетулер әзірледі. Жоба жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және талаптарды қазіргі авиация саласының жағдайына бейімдеуге бағытталған.

Түзетулердің бірі музыкалық аспаптарды тасымалдауға қатысты. Министрлік оларды ұшақ салонында қол жүгі ретінде алып жүруге, жеке жолаушы орнына орналастыруға немесе тіркелетін багаж ретінде тапсыруға рұқсат беруді ұсынады.

Домбыра, қобыз және басқа да музыкалық аспаптарды сенімді қорғаныш қаптамасымен ұшақ салонына алып кіруге болады. Олардың көлемі 110×35×30 см-ден, ал салмағы 10 килограмнан аспауы тиіс.

Жобада жануарларды да әуе кемесінің салонында тасымалдау қарастырылған. Нақты талаптарды авиакомпаниялар белгілейді.

Сонымен қатар министрлік мүгедектігі бар жолаушыларға әуе тасымалы бойынша берілетін жеңілдіктерді заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынады.

Авиакомпания ұшақты сыйымдылығы аз әуе кемесіне ауыстырып, барлық жолаушыға орын жетпей қалған жағдайда арнайы тәртіп енгізіледі. Мұндай кезде тасымалдаушы ең алдымен кәмелетке толмаған жолаушылардың, мүгедектігі бар адамдардың, ауыр сырқатқа шалдыққан азаматтардың, жүкті әйелдер мен зейнет жасындағы адамдардың ұшуын қамтамасыз етуге міндетті болады.

Түзетулер рейс кешіккен жағдайда төленетін өтемақыға да қатысты. Авиакомпанияларға жолаушы өтініш берген күннен бастап 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей айыппұл төлеу міндетін жүктеу ұсынылып отыр.

Сондай-ақ жолаушы авиакомпанияның кінәсін дәлелдесе, тасымалдаушы тіркелмеген багаждың бүлінгені үшін жауап береді.

Министрліктің пікірінше, бұл өзгерістер әуе тасымалын ашық әрі қолайлы етіп, саланың әлеуметтік бағытын күшейтеді және жолаушылардың құқықтарын қосымша қорғауға мүмкіндік береді.

Нормативтік құқықтық актінің жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжат қоғамдық талқылауға шығарылды. Мүдделі азаматтар түзетулермен танысып, өз ұсыныстары мен ескертулерін жолдай алады.

Новые статьи

Казахстанские спортсмены выступят во всех 43 дисциплинах Всемирных игр кочевников

Сегодня, 31 августа, в Кыргызстане стартуют VI Всемирные игры кочевников. Казахстан на международных соревнованиях представит сборная из 152 спортсменов и 49 тренеров. Казахстанские атлеты примут...

ШҚО-да қар барыстарының отбасы таспаға түсті

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орнатылған фототұзақтар қар барыстарының тіршілігінен сирек кадрларды түсіріп алды. Алдымен камераға аталық ілбіс, кейін үш күшігімен бірге жүрген аналық...

В ВКО засняли семью снежных барсов

Фотоловушки в Катон-Карагайском государственном национальном природном парке запечатлели редкие кадры из жизни снежных барсов. В объектив попали самец ирбиса, а затем самка сразу с...

ШҚО тұрғындары ауруханаға жатқызылғаны туралы кімге хабарланатынын алдын ала таңдай алады

Шығыс Қазақстан тұрғындары енді шұғыл түрде ауруханаға жатқызылғаны туралы хабар берілетін үш адамға дейін алдын ала көрсете алады. Жаңа тегін сервис eGov.kz порталында және...