Полицейлер Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданындағы жеке үйдің аумағынан қарасора плантациясын анықтады. Тергеу дерегінше, жергілікті тұрғын тұқымды интернет арқылы тапсырыс беріп, өсімдіктерді фитолампаның көмегімен өсірген, кейін бақшаға көшірген.
Полицейлер құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісін жедел іздестіру іс-шаралары кезінде әшкереледі. Үйдің аумағынан арнайы жабдықталған плантация табылды.
Тергеу барысында ер адамның бастапқыда қарасораны үй ішінде фитолампаның көмегімен өсіргені анықталды. Кейін өсімдіктерді бақшаға көшіріп, ашық аспан астында өсіруді жалғастырған. Ауыл тұрғыны өнімнің бір бөлігін кептіріп, жеке тұтыну үшін пайдаланған.
Тінту кезінде полиция қызметкерлері 31 түп қарасораны, кептірілген өсімдік тектес затты, есірткі құралдарын тұтынуға арналған құрылғыны және өсімдіктерді өсіруге пайдаланылған фитолампаны тәркіледі.
Сараптама тәркіленген өсімдіктердің қарасора тұқымдасына жататынын растады. Олардың тамыры мен топырағын есептемегендегі жалпы салмағы бес килограмнан асты. Мұндай көлем аса ірі мөлшерге жатады.
Қазір полицейлер тергеу әрекеттерін жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Құқық қорғау органдары мұндай фактілерді тұрақты бақылауда ұстайды.


