Қылмыстық-атқару жүйесі мен полиция қызметкерлері қоныс-колонияда жазасын өтеп жүрген сотталған адамнан ұнтақ тәрізді зат салынған екі орама тапты. Ер адам Өскемендегі азаматтық нысандардың бірінде ресми түрде жұмыс істеген. Алайда қалыпты өмірге біртіндеп оралу мүмкіндігін, шамасы, өзінше пайдаланған.
Жедел іс-шаралар «Қара сора-2026» акциясы аясында өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №24 мекемесі жедел бөлімінің және ШҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысты. Жұмысты облыс прокуратурасы үйлестірді.
Жеке тінту кезінде қызметкерлер сотталған адамның шағын сөмкесінен қара оқшаулағыш таспамен оралған екі түйіншек тапты. Оның ішінде өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болған.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Тәркіленген зат сот сараптамасына жіберілді. Нәтижесі шыққаннан кейін құқық қорғау органдары процестік шешім қабылдайды.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканованың айтуынша, қызметкерлер сотталғандарды мекеме аумағынан тыс жерде де бақылауды жалғастырады. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері сотталғандар арасында, соның ішінде мекемеден тыс нысандарда жүрген азаматтарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды анықтау бойынша тұрақты түрде жедел-профилактикалық жұмыс жүргізеді. Полиция органдарымен бірлескен жұмыс заңға қайшы әрекеттердің жолын дер кезінде кесуге және заң бұзғандардың жауапкершіліктен жалтармауына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, сараптама ұнтақтың құрамын анықтамайынша, оны ресми түрде тыйым салынған зат деп атауға болмайды.


