Қазақстанда жеті томдық академиялық тарихты әзірлеу аяқталды

Астанада «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» атты жаңа академиялық жеті томдық басылымды әзірлеу жұмыстары аяқталды. Жалпы редакциялық алқа қорытынды жетінші том – «Тәуелсіз Қазақстанды» басып шығаруға ұсынды.

Қорытынды отырыс 15 шілдеде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қариннің төрағалығымен өтті. Қатысушылар соңғы томды әзірлеу нәтижелерін қарастырып, алқа мүшелерінің ұсыныстары негізінде енгізілген толықтырулар мен редакциялық түзетулерді талқылады.

Көптомдық басылымды әзірлеу Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында белгіленген міндеттер аясында қолға алынды. Авторлар Ұлы даланың сан ғасырлық тарихын кешенді зерттеуді, Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік сабақтастығын ғылыми тұрғыдан негіздеуді, сондай-ақ заманауи зерттеу тәсілдері мен жаңа дереккөздерді ескере отырып, ұлттық тарихты қайта зерделеуді мақсат етті. Жобаға 350-ден астам отандық ғалым және 12 елден 56 шетелдік зерттеуші қатысты.

Ерлан Қарин жеті томдықты әзірлеуді тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі ғылыми жобалардың бірі деп атады. Оның сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық тарихты зерттеуге қатысты бастамалары отандық тарих ғылымының дамуына жаңа серпін берді.

– Бүгін біз академиялық жеті томдық басылымның қорытынды жетінші томының қолжазбасын бекіттік. Осылайша, небәрі бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс аяқталды. Еңбекті әзірлеуге 350-ден астам отандық ғалым және 12 елден 56 шетелдік зерттеуші қатысты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметінің алғашқы күндерінен бастап ұлттық тарих мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Оның бастамалары отандық тарих ғылымы дамуының жаңа кезеңін қалыптастырды. Бұған Алтын Орда тарихын зерттеуге бағытталған іс-шаралардың дәйекті жүзеге асырылуы айқын мысал бола алады. 2019 жылы бұл мәселе алғаш рет мемлекеттік деңгейде көтерілді. Кейін Ұлытаудағы Жошы хан кесенесінің жанынан орталық салу басталды, Жошы ұлысын зерттеу институты құрылды, академиялық көптомдықтың жеке томы Алтын Ордаға арналды. Ал биыл Астанада ЮНЕСКО аясында халықаралық симпозиум өтті. Мұның бәрі Мемлекет басшысы бастамаларының дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанының айқын дәлелі, – деді Ерлан Қарин.

Отырысқа қатысушылар басылымды әзірлеу барысында қалыптасқан жаңа ғылыми тәсілдерге ерекше назар аударды. Ерлан Қариннің айтуынша, олардың кейбірі мемлекеттік шешімдерден көрініс тапқан.

– Академиялық көптомдық басылымды әзірлеу барысында қалыптасқан жаңа ғылыми тәсілдер аса маңызды мемлекеттік шешімдерде де көрініс тапты. Қазақстан Республикасы Конституциясының преамбуласына ұлттық тарихты айқындайтын ереженің енгізілуі – соның айқын дәлелі. «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген тұжырым мемлекеттілігіміздің тарихи тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Бұл норманы Конституция мәтініне енгізу үшін ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізіліп, жан-жақты негіздеме әзірленді және ұзақ талқылаулар өтті. Соның нәтижесінде бұл маңызды қағида еліміздің Негізгі заңында бекітілді. Бұл көптомдық басылымды әзірлеу аясында жүргізілген ғылыми зерттеулердің мемлекеттік маңызы бар шешімдерде іс жүзінде қолданылғанын көрсетеді, – деді Ерлан Қарин.

Отырысқа Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен редакциялық алқа құрамындағы жетекші ғалымдар қатысты. Олар «Тәуелсіз Қазақстан» атты жетінші томды пысықтау нәтижелерін қарастырды. Авторлар 2026 жылғы 5 шілдеде өткен редакциялық алқа отырысында тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айдос Сарым және PhD Михаил Акулов айтқан барлық ескертулер мен ұсыныстарды толық ескеріп, қолжазбаға тиісті өзгерістер енгізді.

Талқылау қорытындысы бойынша жалпы редакциялық алқа атқарылған жұмысқа оң баға беріп, «Тәуелсіз Қазақстан» атты жетінші томды басып шығаруға ұсынды.

Отырыс соңында Ерлан Қарин қатысушыларды жеті томдық басылымды әзірлеу жұмысының аяқталуымен құттықтап, редакциялық алқа мүшелері мен авторлар ұжымына алғыс айтты. Сондай-ақ оларға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының даналарын табыстады.

Новые статьи

С начала купального сезона в Казахстане утонули 69 детей

Министерство внутренних дел обратилось к родителям с призывом внимательнее следить за детьми во время отдыха у воды. С начала купального сезона на водоемах страны...

Қазақстанның мектеп оқулықтарынан 700-ден астам қате табылды

Оқу-ағарту министрлігі оқулықтар тізімін қалыптастыру және мектептерді 2026-2027 оқу жылына дайындау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қосымша сараптамадан кейін оқу басылымдары қайта пысықтауға жіберілді. Мамандар түрлі...

Более 700 ошибок нашли в школьных учебниках Казахстана

Министерство просвещения продолжает формировать перечень учебников и готовить школы к 2026-2027 учебному году. После дополнительной экспертизы учебные издания отправили на доработку – специалисты выявили...

«Семей орманы» резерватында өрт шықты

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында өрт шықты. Қауіпсіздік мақсатында маңайдағы балалар лагерінен тәрбиеленушілер эвакуацияланды. Өрт 16 шілде күні таңертең резерваттың Бородулиха...