Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Оған қала, аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Жиында өңір елді мекендерінің бас жоспарлармен қамтамасыз етілуі жайлы сөз етілді.
ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс аумағында 360-қа жуық елді мекен орналасқан. Олардың бекітілген бас жоспармен қамтамасыз етілу деңгейі 52%-ды құрайды.
«Заңнамаға сәйкес, бас жоспарлардың есептік қолданылу мерзімі 15-20 жылды құрайды. Қазіргі уақытта 100-ден астам елді мекеннің жоспары бойынша осы мерзімнің өтуіне байланысты оларды түзету қажет. Бүгінгі таңда облыс қалаларының 6 бас жоспарының ішінде екеуі цифрландырылып, Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының базасына енгізілді. 2025 жылы облыс бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен біріктірілген ауылдық елді мекендердің 22 бас жоспары әзірленді», — деді ол.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстанның эпизоотиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мал шаруашылығының тұрақты дамуына жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды.
«Былтыр ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар аясында малға 4,7 млн вакцинация жүргізілді. Олар 8 жұқпалы ауруға қарсы егілді. 2026 жылы 7 аса қауіпті ауруға қарсы 4,3 млн доза вакцина салу жоспарланған», — деді ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.
Оның айтуынша, 2026-2027 жылы аудан орталықтарында 7 ветеринариялық станция, ауылдық округтерде 70 ветеринариялық пункт салу жоспарланған.
«Көше кезген бұралқы иттердің мәселесін шешу үшін нақты ұсыныс әзірлеңіздер. Иттер паналайтын орындары бар жеке меншік компаниялармен бірлескен жұмысты күшейту керек. Сонымен қатар Щучинскіде болған қайғылы оқиғаға байланысты қала, аудан әкімдері нысандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатаң бақылау орнатуы тиіс. Су тасқынының алдын алу шаралары да қарқынды жүргізілуі қажет», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
