Жол-көлік оқиғасы бүгін Шәкәрім және Абай даңғылдарының қиылысында болды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
— Chevrolet Onix маркалы автокөліктің жүргізушісі солға бұрылған кезде Nissan Qashqai көлігіне жол бермеген. Соның салдарынан екі көлік соқтығысқан. Соққыдан кейін Chevrolet Onix көлігі сол жаққа ығысып, Hyundai Elantra маркалы патрульдік автокөлікке соғылды, — делінген ақпаратта.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы салдарынан көлік иелеріне материалдық шығын келтірілген. Абырой болғанда, зардап шеккен адам жоқ.

