Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсетуде. Бұл туралы Зайсан ауданы әкімі Аэлита Ахметсалимкызы ӨКҚ алаңында өткен брифингте хабарлады.
Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар бөлімінің материалдық-техникалық базасы күшейтілді: өрт сөндіру қызметіне 7 өрт сөндіру техникасы және 4 қосалқы көлік алынды, ауылдық бекеттерге 14 маман қабылданды. Өткен жылы ауданға 1 КамАЗ және демеушілер көмегімен 8 ауылға қайықтар мен арнайы киімдер берілді.
Денсаулық сақтау саласында да жұмыстар жалғасуда. Ауданда 1 аудандық аурухана, 9 дәрігерлік амбулатория, 14 медпункт, 1 ФАП және 6 жекеменшік емдеу орталығы қызмет көрсетеді. Жыл басынан 340 нәресте дүниеге келді. Кадр тапшылығы жоқ, биыл 3 дәрігер жұмысқа қабылданып, 6 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Аудандық ауруханаға компьютерлік томография орнатылды, Зайсан және көршілес аудандарға қызмет көрсетуде. Өткен жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында үш медициналық нысан салынды. Қаратал ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, ал келесі жылы Жалшы және Бақасу ауылдарындағы медпункттер күрделі жөндеуден өтеді. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі де биыл жөндеуден өтуде.
Білім беру жүйесінде 28 мектепте 6486 оқушы білім алуда. 21 балабақша мен 12 шағын орталықта 1883 бала тәрбиеленуде, 3-6 жас аралығындағы балалар 100% мектепалды дайындықпен қамтылған. Биыл 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Үлкен Қаратал мен Саржыра ауылдарында жаңа мектептер, Жарсу ауылында спорт корпусы салынып жатыр. Жастар аудандағы халықтың 20,4%-ын құрайды, олардың бос уақытын тиімді өткізу үшін 105 спорт нысаны және 11 мәдениет ошағы жұмыс істейді. Жастар арасындағы спорттық жетістіктер де жоғары: ауданның футбол командасы облыс чемпионы атанды, жас спортшылар республикалық және облыстық жарыстарда жүлделерге ие болды.
Жастарды қолдау бағытында 18 адам «Жас проджект» жобасы аясында 1 млн теңге көлеміндегі грантпен кәсіп ашты. «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» арқылы 8 адам 1,5 млн теңге грант алды, «Бастау бизнес» бойынша 29 адам оқуды аяқтады. Биыл 309 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 52 маман көтерме жәрдемақы алып, 20 маманға бюджеттік несиелер берілді.
«Таза Қазақстан» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылып, биыл 19 мыңнан астам ағаш егілді. Әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» акциясы өткізілуде. Технология колледжі 80 жылдығын атап өтті, онда 172 студент 7 мамандық бойынша білім алуда.
Жұмыссыздықты төмендету үшін 2025 жылдың 9 айында 425 адам жұмысқа орналастырылды, 455 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Жаңа әуежайға маман даярлау үшін 30-дан астам адам Өскеменге оқуға жіберілді.
Цифрландыру бағыты бойынша үш ауылда жаңа антенна-мачталық құрылыстар орнатылып, 16 мектеп Starlink жүйесіне қосылды. «Зайсан» коммуналдық мекемесінде деректерді өңдеудің цифрлық бағдарламасы енгізілді. « ARNNA MINERALS» компаниясы роботтандырылған өндіріс желісін іске қосты.
Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 24,6 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артты. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісінде тұрақты өсім бар. Мал басының да өсу динамикасы сақталған. «Зайсан-Вет» мекемесі 11 арнайы автокөлікпен жаңартылды. Зайсан ауданы Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесіне қатысып, бірінші орынға ие болып, «Үздік аудан» номинациясын алды.
Үйдене су қоймасынан 155 шаруашылық 8,6 мың гектар алқапты суарады. Су қоймасын қайта жабдықтау жұмыстары іске асқанда 10 мың гектардан астам суармалы жер толық қамтамасыз етіледі. Кендірлік су жүйесін жаңғырту Үкімет бағдарламасына енгізілді. Өткен жылы алғаш рет тамшылатып суару технологиясы енгізілді.
Өнеркәсіп өндірісі 7,6 млрд теңгені құрап, 27,4%-ға артты. Ауданда мұнай, пайдалы қазбалар өндіру және құрылыс саласында ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. ШОБ субъектілерінің саны 4 мыңға жуық.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 24 млрд теңгеге жетті. 12 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша пәтерлер тапсырылуда. Сонымен қатар, көпқабатты 30 пәтерлі үй пайдалануға берілді.
«Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде үш әлеуметтік нысан салынуда. Омбы–Майқапшағай халықаралық жолының аяқталуы ауданға қолайлы болды. Жаңа әуежайдың ұшу-қону жолағының құрылысы аяқталды, бұл туризм саласын жаңа деңгейге шығарады деп күтілуде.
Қалада 300-ден астам сауда және қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. Бөлшек сауда айналымы 13,9 млрд теңгені құрады. Туризм саласында 6 оператор, 7 қонақ үй және 1 демалыс базасы қызмет етеді, туристер саны тәулігіне 1200 адамға дейін жетеді.
Жол жөндеу жұмыстары бойынша 2025 жылы 25,2 шақырым автожолда жөндеу жүргізілуде. Қалаішілік және ауданішілік көлік қатынастары тұрақты.
Коммуналдық мекемеге 7 техника алынды. Бюджет кірістері 10 айда 3,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 29,4%-ға артты. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 38,7 млрд теңгеге жетіп, 46,5%-ға көбейді.


