Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті.
Туризм — Шығыс Қазақстан облысы экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Аймақта бұл саланың төрт басым кластері айқындалған:
• Катонқарағайдағы Wellness-туризм;
• Марқакөлдегі экологиялық туризм;
• Риддердегі тау-шаңғы туризмі;
• Өскемен мен қала іргесіндегі аудандардағы демалыс күніне арналған туризм.
Бұл бағыттар инвестиция тартуға, инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Қыстың ерте түсуі мен қардың мол жаууы тау-шаңғы туризмі үшін ерекше жағдай жасайды. Риддер маңында жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін «Анатау» кешені салынып жатыр, ол тау туризмі мен спортшыларды даярлау орталығына айналмақ. PanaAsia қонақүй компаниясы халықаралық стандарттарға сай заманауи қонақүйлер салады.
Медициналық туризм де қарқынды дамып келеді. Онкология және хирургия орталығы базасында ЧЕК-АП қызметтер көрсетіледі. Оның бағасы Өскеменде 500 АҚШ долларын құраса, Кореядағы бұл қызметтердің құны 5-10 мың доллар аралығында.
Туристерді тартуға AltaiFest және «Шығыс Салбурыны-2025» этномәдени фестивалі сияқты имидждік жобалар ықпал етеді. Фестивальге Қазақстаннан, Ресейден, Қытайдан, Испаниядан, Венгриядан, Моңғолиядан және Қырғызстаннан келген 148 бүркітші қатысты. Олардың өнерін тамашалау үшін 10 мыңнан астам көрермен жиналды.

