Бұл туралы бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.
— Өскемендегі ауа сапасының жағдайы бәрімізге белгілі. Қаланың географиялық жағынан таулы ойпатта орналасуы мен екі өзеннен тұманның пайда болуы да қолайсыз ауа райының қалыптасуына әсерін тигізуде.
Ауа сапасына экологиялық мониторинг жүргізу бағдарламасы аясында экологиялық тәуекелді төмендету үшін
25 бақылау бекеті желісін құру жобасы іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл платформа кәсіпорындарда орнатылған тіркеу аспаптарын біріктіру арқылы кеңейтілмек, — деді аймақ басшысы.
Ірі кәсіпорындармен қолайсыз метеорологиялық жағдай кездерінде өзара бірлесе әрекет ету туралы меморандумдарға қол қойылған. Сонымен қатар қалада «Өскемен тынысы» қоршаған ортаны қорғау бюросы жұмыс істеп тұр. Оның құрамында тәжірибелі экологтар, қоғам және мемлекеттік органдардың өкілдері бар.


