Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті.
Шығыс Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және медициналық қызмет сапасын арттыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында жыл соңына дейін 36 жаңа медициналық нысан салынады.
Ұлан ауданына 150 адам қабылдай алатын заманауи аудандық емхана ашылған, ал Риддер қаласында ауруханалық кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Облыс орталығында Ана мен бала орталығы мен Гематология орталығын біріктіретін заманауи медициналық кластер құрылуда. Кейін кластерге 300 орындық көпсалалы аурухана қосылады, бұл медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін едәуір арттырады.
Мемлекеттік-жекешелік серіктестік арқылы Нефрологиялық орталық құру жоспарлануда.
Осы жылы 118 маман оқудан өткен, олардың 72-сі Түркия, Израиль, Германия, Қытай және басқа да елдердің жетекші медициналық орталықтарында кәсіби даярлық алған.
Университет ғалымдары Ұлттық травматология және ортопедия орталығымен бірлесе отырып 6 түрлі имплант әзірледі. Қазірге дейін омыртқа аралық кейдждер мен пластиналарды орнату бойынша 137 ота жасалған. Қазақ онкология және радиология институтымен бірлесіп онкологиялық ауруларды емдеуге арналған титанды ұнтақтан жасалған жеке импланттар әзірленуде.

