Риддерде туризм саласын дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын қала әкімінің міндетін атқарушы Қаныбек Төлеухан ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
— Бүгінде Риддер аумағында 39 туристік нысан жұмыс істейді. Осы жылдың 9 айында туристер саны 32 650 адамды құрады, бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 5,8%-ға көп. Келушілерге қауіпсіз және сапалы демалыс ұйымдастыру үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Қала аумағында екі тау шаңғысы базасы жұмыс істейді, атап айтқанда “Star Dust Camp” және “Эдельвейс”. Олар қысқы спорт пен белсенді туризм әуесқойлары арасында кеңінен танымал, — деді ол.
Ал жазда экотуризм бағыттары дамып келеді. Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы бес туристік бағыт бойынша жұмыс істеп, туризмді дамытуға бағытталған дәстүрлі фестивальдер мен іс-шаралар өткізіліп жатыр.
— Жыл соңына дейін тағы екі туристік нысанды іске қосу жоспарланған. «Ridder Inn» қонақ үйі мен “Полевая Яма” демалыс базасы қонақтарға арналған жатын орын қорын 37 нөмірге көбейтіп, өңірге келетін туристер санын арттыруға мүмкіндік береді. Жыл бойы жұмыс істейтін “Анатау” тау шаңғысы курортын құру бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді Қ.Төлеухан.


