Қазан айының қорытындысы бойынша елімізде шиномонтаж қызметтерінің бағасы бірден 2,9 пайызға өсті. Салыстырар болсақ, қыркүйекте өсім небәрі 0,2 пайызды құраса, ал өткен жылдың қазанында 3,1 пайыз деңгейінде болған.
Сарапшылардың болжамынша, қараша айында бұл қызмет түрі тағы да қымбаттай түсуі мүмкін. Өткен жылдың осы айында да 3 пайыздық өсім тіркелген еді.
Жалпы, шиномонтаж қызметтерінің құны әдетте жылына екі рет — сәуір-мамыр және қазан-қараша айларында шарықтайды. Бұл кездерде көлік иелері дөңгелектерін ауыстырып жатады.
Өңірлер бойынша қарастырғанда, ең жоғары баға өсімі Астанада байқалды. Онда бір айда баға бірден 28,9 пайызға артқан. Бұдан кейінгі орында Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстары тұр: сәйкесінше баға 5,3 пайызға және 4,9 пайызға қымбаттаған.
Бір жыл ішінде шиномонтаж қызметтерінің бағасы еліміз бойынша 13,8 пайызға өскен. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 10,2 пайызды құраған.


