Бүгін облыс орталығына 20 жаңа автобус жеткізілді. Олар осы апта ішінде қала көшелерінде қатынай бастады.
Жаңа қоғамдық көліктер бұрынғысынан әлдеқайда кең. Әрқайсысы 100 жолаушыға арналған. Сондай-ақ автобустар төмен еденді және мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы жабдықтармен қамтылған.
— Қалада қоғамдық көлік паркін жаңарту бағдарламасы жалғасып жатыр. Бүгін бізге 20 жаңа автобус келді. Жыл соңына дейін Өскемен көшелерінде жалпы саны 62 жаңа автобус қатынайтын болады, — деді қала әкімі Алмат Ақышов.
Жаңа автобустарда желдету жүйесі орнатылған. Сондай-ақ қыс мезгілінде жолаушылардың жайлылығы үшін қосымша жылыту пештері қарастырылған.
 
					 
						

