Шығыс Қазақстан облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, LiveGood компаниясының қызметінде қаржы пирамидасына тән белгілер бар.
— Сот анықтағандай, 2024 жылдың сәуір айында С. есімді әйел әлеуметтік желіде LiveGood компаниясына қатысты бейнематериалдар жариялап, кеңсесінде кездесулер өткізіп, жаңа мүшелерді тартқан. Сондай-ақ ол мессенджердегі чаттарда компания туралы фото және видео материалдар таратып, халықты онлайн-презентацияларға шақырған, — делінген ШҚО сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Ол компанияны қаржы пирамидасы деп тану туралы ресми сот шешімі жоқ екенін алға тартты. Алайда сот айыпталушыны кінәлі деп тапты.
— С.-ның бұрын құқық бұзушылық жасамағаны істі жеңілдететін мән-жай ретінде танылып, салынған айыппұлдың мөлшері 30 пайызға қысқартылды. Сот шешімімен әйелге 412 860 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар оған үш айға дейін желіге материалдар таратуға тыйым салынды, — делінген хабарламада.