Өскемен қаласында Үлбі көпіріндегі деформациялық жіктің бір бөлігі зақымданғаны белгілі болды. Көпірдің маңызды бөлшегі көлік ағынының қарқындылығы салдарынан бүлінген. Бұл туралы көпірді күтіп-ұстайтын «Таза Өскемен» КМК мәлім етті. Автокөліктер көпірден өткен кезде металл дыбысы қатты шыққан.
— Осы көпірден өткен сайын дөңгелек бірдеңеге соғылғандай әсер қалдырып, қатты гүрсіл естілетін. Бұл үнемі көпірмен жүретін бәрімізді алаңдатты, — дейді өскемендік жүргізушілердің бірі.
Айта кетейік, деформациялық жік дегеніміз — бұл жай ғана металл тақта емес, көпірді температуралық өзгерістер мен вибрациялық жүктемелерден қорғайтын, оның қызмет ету мерзімін ұзарта түсетін күрделі болат элементтер мен бағыттаушы механизмдер жүйесі.
— Біз ақауды жедел анықтап, тозған бөліктерді алып тастап, деформациялық жікті қайта орнаттық. Қазір көпір арқылы жүру қауіпсіз, әрі ешқандай дыбыс шығып тұрған жоқ, — деп хабарлады «Таза Өскемен» кәсіпорнынан.