Бүгін Өскемен қаласында ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, қала тұрғындары, жұртшылық пен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатысты.
Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай алаңда оның мәңгілік мұрасы – терең мазмұнды, дана жырлары оқылды. Бұл шығармалар бүгінгі күнге дейін халықтың жүрегінен орын тауып, өзектілігін жоғалтқан емес.
Ұлы даланың дара перзентінің мерейтойын атап өткен қатысушылар, оның адалдық, еңбекқорлық, ағартушылық пен өзара сыйластық туралы философиялық ойлары қоғамның рухани дамуының негізі екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай мұрасының жаңа сападағы ұлт қалыптастыру ісіндегі маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл сөздер ақынның мерейтойы аясында ерекше мәнге ие. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған жүздеген іс-шаралар – шығармашылық кештер мен ғылыми конференциялар ұйымдастырылуда.
Абай білімге құштар болуға, әлемге ашық, ел болашағы үшін жауапкершілікпен қарауға үндеді. Бүгінде оның өсиеттері қазақстандықтарды жасампаз еңбекке, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға шабыттандыруда.
Айта кету керек, облыс орталығында ақынның 180 жылдық мерейтойына орай Абай ескерткіші қалпына келтіріліп, оған іргелес аумақ абаттандырылды.
