Алакөл жағасында отбасымен демалып жүрген 6 жасар бала судағы үрлемелі, ұзын арқан арқылы жағаға байланған аттракцион — аквазорға мініп, ойнағысы келген. Арқанды баланың атасы ұстап тұрды. Алайда кенеттен соққан қатты жел арқанды үзіп жіберіп, бала судың тереңіне қарай ағып кеткен.
Осы сәтте көл жағасынжа демалып жүрген Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің ЖҚАЖ қызметкері, майор Талғат Оспанов дереу әрекетке көшті. Ол жағдайдың қауіпті екенін бірден аңғарып, ойланбастан суға секіріп, аквазордың соңынан жүзіп кеткен. Артынан баланың атасы мен әкесі де суға түскен, дегенмен балаға ең бірінші болып жеткен – полиция майоры. Сөйтіп, баланы жағаға аман-есен алып шықты.
— Біз Талғат Сұлтанұлын мүлде танымаймыз. Ол да бізді, баламды білмейді. Жағалауда адам көп болғанымен, дәл осы кісі еш ойланбастан көмекке ұмтылды. Ұлымды толқын мен жел біртіндеп алысқа алып кетіп бара жатты. Егер Талғат Сұлтанұлы болмаса, жағдай басқаша аяқталуы мүмкін еді. Отбасымыз ол кісіге өмір бойы алғыс айтып өтеді, — дейді баланың анасы.