Семей қаласында бірнеше рет жол ережесін өрескел бұзып, айналасына қауіп төндірген Toyota Camry автокөлігінің 22 жастағы жүргізушісі ұсталды.
Белгілі болғандай, ол жол ережелерін қасақана бұзып, оны видеоға түсіріп, TikTok әлеуметтік желісіне жариялап отырған.
— Блогер бір апта ішінде бірнеше ауыр құқықбұзушылық жасады. Атап айтқанда, жылдамдықты белгіленген шектен асырып, төрт жолақты жолда қарсы қозғалыс жолағына шығып, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өткен. Сондай-ақ маневр жасау қағидаларын бұзып, көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаған және ұялы телефон қолданған, — деп хабарлады Абай облыстық Полиция департаментінен.
Сонымен қатар автокөлік алдыңғы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінсіз жүрген және оған пайдалануға тыйым салынған арнайы жарық құрылғылары орнатылған.
— Аталған барлық құқықбұзушылық бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бірқатар дерек бойынша іс сотқа жолданады. Ер адам көлік басқару құқығынан айырылып, ірі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін, — делінген ақпаратта.