Сот ісі қалалық №2 сотта қаралды. Белгілі болғандай, Э. есімді әйел өзінің танысы Б.-ға Өскемен қалалық білім бөліміне аудармашы ретінде жұмысқа орналасуды ұсынған. Оған нақты жұмыс істемей-ақ ай сайын жалақы алып отыратындығын жеткізген.
— Айыпталушы бұл әрекетін жүзеге асыру үшін білім бөлімінің басшысы С.-ға жүгініп, одан танысын жұмысқа орналастыруға көмектесуін сұраған. Бөлім басшысы келісім берген. Осының салдарынан Өскемен қалалық білім бөліміне 1 394 458 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген, — деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Сот отырысында айыпталушылар өз кінәларын мойындамады. Алайда сот Э.-ны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал білім бөлімнің бұрынғы басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 1 жылға бас бостандығын шектелді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.