Өскеменде Пермитин көшесінен Славский жағалауына қарай өтетін Ертіс көпірі астындағы жол құрылысы биыл аяқталады. Бұл жоба қаладағы қозғалысты жеңілдетіп, әсіресе көпір маңындағы айналма жолдағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік бермек.
Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қараша айында басталған болатын. Алайда былтыр жазда белгілі бір себептерге байланысты уақытша тоқтатылған еді.
— Көпір астындағы жолды жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға береміз, — деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов.
Сонымен қатар көпір астындағы жаяу жүргіншілерге арналған демалыс аймағын абаттандыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Қазір мұнда спорттық құрылғылар орнатылуда.
— Демалыс аймағы тамыз айының басында, нақты айтқанда 10-ына дейін толық дайын болады, — деді Абзал Мәулетханов.