Astana Hub халықаралық технопаркі базасында Қазақстандағы мектеп оқушыларына цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған ауқымды онлайн-білім беру платформасы іске қосылды. Сонымен қатар «Жасанды интеллект» (AI) және «Ойындарды әзірлеу» (Game Development) бағыттары бойынша 300 мұғалімді оқытуға арналған пилоттық жоба да бастау алды.
Алғашқы қатысушылардың қатарында — Шығыс Қазақстан облысының 7 мектебі бар. Бұл мектептердің мұғалімдері edu.astanahub.com платформасында қашықтағы оқуды сәтті өтіп, 2025 жылдың қаңтарынан бастап 10-сынып оқушыларына курстар өткізе бастады. Жоба аясында барлығы 319 оқушы қамтылды, оның ішінде 143-і — жасанды интеллект, ал 176-сы — ойын жасау бағыты бойынша білім алып жатыр.
Цифрлық пәндерді тұрақты әрі жүйелі енгізу мақсатында мектептердің оқу жоспарларына «Жасанды интеллект және үлкен деректерге кіріспе» және «Ойын әзірлеудің негіздері» атты курстар ресми түрде енгізілді.
Аталмыш курстар пәнаралық сипатқа ие болып, бағдарламалау, цифрлық дизайн, анимация, жоба менеджменті мен кәсіпкерлік негіздері сияқты элементтерді қамтыды. Бұл оқушыларға тек технологияларды меңгеруге ғана емес, сыни және креативті ойлау қабілетін, командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.