Оқиға кеше кешкі уақытта болған. Өскемен қаласындағы жаңа жағалауда қыз баланы скутер қағып кетті.
Куәгерлердің айтуынша, жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жүріп келе жатқан скутерді кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер тізгіндеп келе жатқан.
Қатты соққы салдарынан бала жарақат алып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Тұрғындардың айтуынша, оқыс оқиғаға қарамастан, жағалауда скутерлерді жалға беру қызметі жалғасуда.
Сонымен қатар бұл аумақта мұндай кәсіпкерлік қызмет заңсыз екені белгілі болды.
— Қала әкімдігі жағалауда скутерлерді жалға беруге рұқсат берген жоқ. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты бірнеше рет тексеріс жүргізіліп, әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында бақылау күшейтіледі, — деп хабарлады Өскемен қаласының әкімдігінен.