Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің саптық алаңында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан сақшыларды еске алуға арналған гүл шоқтарын қою салтанаты өтті.
Рәсімге арнайы мақсаттағы жедел әрекет ету жасағының (ЖҚАЖ) сарбаздары, департамент басшылығы және жеке құрамы қатысты. Қызметтік антына адал болып, ерлік пен батырлықтың үлгісіне айналған ерлер бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Салтанатты сәтте Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, мемориалдық тақта алдында қызметкерлер бастарын иіп, мәңгілік сапта қалған әріптестерінің есіміне тағзым етті.
Олардың рухы — жүрегімізде. Олардың ерлігі — жадымызда. Олардың жолы — бүгінде сапта тұрған әр сақшыға үлгі.
Мықты рух, жауынгерлік бауырмалдық пен антқа адалдық — құқық қорғау қызметінің берік іргетасы. Бүгінде де Шығыс Қазақстан полицейлері қаза тапқан әріптестерінің ісін жалғастырып, азаматтардың тыныштығын күзетіп, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жолында абыроймен қызмет атқаруда.