Әлеуметтік желіде Белоусовка кентінің тұрғындарына далаға шықпай, бейтаныс адамдарға есікті ашпау қажеттігі жайлы жазылған ақпарат тарады.
— Үш қауіпті қылмыскер түрмеден қашып кетті. Сол үшін қазір кент ішін полиция патрульдеп жатыр. Барынша абай болыңыздар! — делінген онда.
Бұның рас-өтірігін білу үшін ШҚО Полиция департаментіне хабарласып көрдік.
— Әлеуметтік желіде уақытша ұстау изоляторынан тұтқындардың қашып кеткені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Полиция азаматтарды тек ресми және расталған ақпарат көздеріне сенуге шақырады. Егер телефоныңызға күдікті хабарламалар келсе 102 жедел арнасына қоңырау шалыңыз, — деп жауап берді департаменттің баспасөз хатшысы Гүлнұр Түсіпова