Қалада Ертіс өзені арқылы өтетін екі көпірдің бірі — Понтон көпірінің ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары тездетілмек. Бірнеше айдан бері көпірдің жартылай жабық тұруы салдарынан тұрғындар ұзын-сонар кептелісте тұрып келеді. Ал екінші көпір — Ертіс көпірінен қатынайтын көлік саны бірнеше есеге артқан.
Понтон көпіріндегі жұмыстарды желтоқсан айының ортасына дейін аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ қаржыландырудың кешеуілдеуіне және инженерлік инфрақұрылымның ерекшеліктеріне байланысты бұл мерзім созылды. Көпірдің астынан екі магистральді жылу құбыры өтеді. Оның біреуіне демонтаж жасалса, екіншісінде апат қаупі туындайды. Тығыздық бұзылса қыстың ортасында қала сусыз, жылусыз қалуы мүмкін еді.
— Сондықтан жұмыс уақытша тоқтатылды. Жылыту маусымында қысымның барлығын бір құбырға ауыстырса, ол құбыр жарылып кету қаупі туады. Енді құбырларды кезең-кезеңімен ауыстырамыз. Бұл бір айға жуық уақыт алады. Мердігерлер барлығын 1-10 мамыр аралығында аяқтауға уәде беріп отыр, — деді қала әкімі Алмат Ақышов.