Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдарда дәрігер тапшылығы мәселесі өткір болып тұр.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыс бойынша 152 дәрігер тапшы. Оның ішінде Өскеменге – 52, Риддерге – 10, Серебрянск қаласына – 15 дәрігер қажет.
— Аудандар бойынша айтар болсақ, Алтайда 28, Шемонаихада 10, Глубокое, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Самар, Ұлан, Тарбағатай және Марқакөл аудандарына 7 дәрігерден керек. Ауылдарда жалпы тәжірибелік дәрігер, акушер-гинеколог, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, педиатр, терапевт, анестезиолог-реаниматолог, клиникалық фармаколог, хирург және нейрохирург тапшылығы сезілуде, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, 2024 жылы облыстағы 15 дәрігерге 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем, 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы төленіп, баспанамен қамтамасыз етілді.