ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 2024 жылы экологиялық бағдарламаларды іске асыруда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
ШҚО-ның «ШҚО экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі Жол картасы» жобасы шеңберінде ірі кәсіпорындардағы эмиссияларды автоматтандырылған жүйелер арқылы бақылау енгізіледі. Аталған жоспар қоршаған ортаны қорғау саласындағы негізгі шараларды қамтиды. Бұл туралы ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еламан Мухтарханов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
Маңызды шаралардың бірі болып «Казцинк» ЖШС-де 2025 жылы аяқталатын «Өскемен металлургия кешеніндегі ең үздік қолжетімді технологиялар» жобасы бойынша күкірт қышқылы зауытының қалдық газдарын тазарту қондырғысын жобалау және құрылысын салу көзделген. Нәтижесінде күкірт диоксиді шығарындыларын 1600 тоннаға дейін азайту жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2024 жылы облыс қалаларын көгалдандыруға 39 мыңнан астам көшет бөлінсе, мемлекеттік орман қоры аумағында 2 мың гектардан астам жерге 10,9 миллион ағаш отырғызылды.
Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 2024 жылы 2000 тонна балық өсірілді. Оның ішінде лосось (форель) – 1485 тонна. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 2302 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Экологиялық реттеу жұмысында қоғамдық тыңдаулар маңызды рөл атқарды: 2024 жылы 173 іс-шара өткізіліп, II санаттағы нысандарға 53 әсер етуге рұқсат берілді және мемлекеттік экологиялық сараптама бойынша 103 қорытынды дайындалды.